Арманжан Байтасов Азия дауысы фестивалі туралы: Концерт үш күн өтеді

Араға 19 жыл салып аталмыш жоба үлкен сахнаға қайта оралды.
«Осының алдында «Азия дауысы» 2004 жылы ұйымдастырылған еді. Бұл конкурсты қайта жаңғыртуға көп адам үлес қосқысы келді. «Азия дауысын», Алматыны, «Медеу» мұз айдынын өзара ажыратуға болмайды, бұл құндылықтарымыз бір-бірімен тығыз байланысты. Осындай ауқымды мәдени іс-шараларды ұйымдастыру туристерді тартуға, қаланың танымалдығын көтеруге елеулі үлес қосады. Қазақстан үшін «Азия дауысы» маңызды жоба деп санаймын», - деді А. Байтасов.
Осы орайда ол «Азия дауысы» жобасы өнер сүйер қауым үшін тартымды екенін айтты.
«Фестиваль біраздан бері өткізілмесе де, бұл брендті көпшілік ұмыта қойған жоқ. «Азия дауысына» қатысты көптеген жақсы естеліктер, нәтижелі идеялар бар. Атап айтқанда, 28 шілдеден бастап үш күн қатарынан концерт болады. 30 шілдеде танымал топтар, әншілер өнер көрсетеді», - деді Арманжан Байтасов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, былтыр қазан айының басында Алматы әкімі Ерболат Досаев «Азия дауысы» фестивалін қайта жаңғыртуды жоспарлап отырғанын айтты.
Кейін фестиваль 2023 жылдың шілде айының соңына жоспарланғаны белгілі болды.
«Азия дауысы» халықаралық фестиваліне шетелдегі қандастарымыз да қатыспақ.
1990 жылы «Азия дауысы» халықаралық музыкалық фестивалінде алғаш рет 15 мемлекеттен келген қатысушы «Медеу» мұз айдынында өнер көрсеткен еді.