Армения Әзербайжаннан электр энергиясын сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Армения Әзербайжанмен электр энергиясын өзара жеткізу мүмкіндігін зерттеп жатыр. Қажет болған жағдайда көрші елден электр энергиясын сатып алу да қарастырылып отыр. Бұл туралы Арменияның аумақтық басқару және инфрақұрылым министрі Давид Худатян мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің өңірдегі меншікті тілшісі.
Министрдің айтуынша, қолданыстағы инфрақұрылымды зерттеу оның салыстырмалы түрде аз инвестиция жұмсау арқылы пайдалануға жарамды екенін көрсеткен.
Осындай тәсіл Карс — Гюмри электр беру желісіне қатысты да қарастырылып жатыр. Бұл желі Арменияға электр энергиясының артық көлемін Түркияға сатуға немесе қажет болған жағдайда одан электр энергиясын сатып алуға мүмкіндік береді.
Худатянның айтуынша, бұған дейін Арменияда электр энергиясы артығымен болған. Алайда тұтыну көлемінің өсуі, соның ішінде жасанды интеллект саласына қатысты кәсіпорындар мен деректерді өңдеу орталықтарының дамуы көрші елдерден қосымша электр энергиясын жеткізуді қажет етуі мүмкін.
Қазіргі уақытта Армения Иранға табиғи газдың орнына бартерлік схема бойынша электр энергиясын жеткізеді. Сонымен қатар Грузияға да электр энергиясын экспорттайды.
Алдағы уақытта Ереван көрші мемлекеттермен, соның ішінде Әзербайжанмен энергетикалық ынтымақтастықты кеңейтуді қарастырып отыр.
Бұған дейін Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ереван мен Баку арасында аумақ айырбастау бастамасын көтергенін жазғанбыз.