Пашинян Армения мен Әзербайжанға аумақ айырбастауды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ереван мен Баку арасында аумақ айырбастау бастамасын көтерді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Пашинян предложил Армении и Азербайджану обмен территориями
Фото: ТАСС

Пашинянның айтуынша, осы арқылы мемлекеттік шекараны делимитациялау және демаркациялау аясында анклавтар мен эксклавтар мәселесі шешімін таппақ.

Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазбада Армения үкіметінің басшысы Әзербайжанмен қарым-қатынасты одан әрі реттеуге қатысты өз көзқарасын білдірді.

Пашинян Арменияның аумағы 29 743 шаршы шақырымды құрауы, ал шекараны делимитациялау және демаркациялау процесі Алматы декларациясына негізделуі тиіс екенін атап өтті.

— Анклавтар мен эксклавтар мәселесі келесі формула бойынша шешілуі керек: шекараның екі жағында да анклавтар немесе эксклавтар болмауы керек, яғни, екі ел де, Армения да, Әзербайжан да анық, сәйкес өлшемдегі аумақтарды алмасуы керек, — деді премьер-министр.

Ол сондай-ақ тараптар бір-біріне аумақтық талаптар қоймауы керек екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Пашинян Арменияның «Бейбітшілік қиылысы» бастамасы аясында да, одан тыста да барлық коммуникацияларды ашуды жақтайтынын жеткізді. Оның айтуынша, екі елдің аумақтары арқылы өтетін жолдар көлік қозғалысы үшін ашық болуы керек.

Армения үкіметінің басшысы Түрікменстанда өткен Әзербайжан президентімен әңгімеден кейін бейбітшілік процесін одан әрі ілгерілетудің мүмкіндігі бар деген қорытындыға келгенін айтты.

— Біз жақын арада осы мүмкіндікті жүзеге асырумен айналысамыз, — деп атап өтті Пашинян.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың 8 тамызында Вашингтонда өткен үшжақты кездесуден кейін Әзербайжан, Армения және АҚШ көшбасшылары Баку мен Ереван арасындағы бейбіт реттеу туралы бірлескен декларация қабылдады.

Әзербайжан, Армения және АҚШ көшбасшылары Ақ үйдегі бейбітшілік саммитінің бір жылдығына орай бірлескен мәлімдеме жасады.

Пашинян Әзербайжанмен жақын арада бейбітшілік келісіміне қол қоюға басымдық береді.