Армения бағалы металдар экспортына квота енгізді
АСТАНА. KAZINFORM — Армения бағалы металдар мен бағалы металдармен қапталған бұйымдарды экспорттауға уақытша квота енгізді, деп хабарлайды news.am.
4 желтоқсанда Арменияда өткен үкімет отырысында қабылданған шешімге сәйкес, квота алты ай бойы күшінде болады және үшінші елдерге жөнелтілім кезінде қолданылады.
Шектеулер зергерлік бұйымдарға, сондай-ақ жергілікті қолөнершілер жасаған алтын және күміс өнімдеріне қатысты қолданылады.
Құжат 5 желтоқсанда күшіне енеді және 2026 жылдың 5 маусымына дейін қолданыста болады.
Аталған шара сыртқы сауданы реттеуге, экспорттық операциялардың ашықтығын арттыруға және шикізат пен дайын зергерлік бұйымдардың елден тыс бақылаусыз экспортының алдын алуға бағытталған.
Бұған дейін Қырғызстанда қара металл сынығы мен қалдықтарын экспорттауға тыйым салынғанын жазған болатынбыз.