Армения ЕО-ға мүше болу туралы келіссөз жүргізіп жатқан жоқ — Сыртқы істер министрі

АСТАНА.KAZINFORM — Ереван Брюссельмен Арменияның ЕО-ға мүшелігі туралы талқыламайды. Бұл туралы Арменияның Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Армения ЕО-ға мүше болу туралы келіссөз жүргізіп жатқан жоқ
Фото: Армения СІМ

Армения Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян ресейлік әріптесі Сергей Лавровпен бірлескен баспасөз мәслихатында Арменияның Еуроодаққа мүшелікке өтініш бермегенін баса айтты.

— Армения Республикасы Еуроодаққа мүшелікке өтініш берген жоқ. Бұл бағытта келіссөздер жүргізілмейді. Ал мұндай оқиғалар аясында туындауы мүмкін сұрақтар жоқ. Сондықтан мен бұл сценарийді бағалай алмаймын, — деп қысқаша жауап берді Армения сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян ресейлік журналистің елдің ЕАЭО-ға мүшелігін ЕО-мен интеграцияны біріктіру туралы сұрағына.

Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров екі күндік жұмыс сапарымен Ереванға келді. Армения Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, сапар барысында А.Мирзоян мен С. Лавров жеке және кеңейтілген құрамда кездесулер өткізді. С. Лавровтың Ереванға сапары барысында Армения мен Ресей сыртқы саясат ведомстволарының басшылары ведомстволар арасындағы 2025-2026 жылдарға арналған консультациялар жоспарына қол қойды.

Бұған дейін Армения парламенті ЕО-ға кіру үдерісінің басталуы туралы заң жобасын қабылдаған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар