Армения, Қазақстан және Ресей достығына арнап веложорыққа шыққан жиһанкез Петропавлға ат басын тіреді

Солтүстік Қазақстанның облыс орталығына жиһанкез 7 мың шақырым жол жүріп жетіп отыр.
32 жастағы Армения азаматы өзінің бұл жорығын Якутскіден бастаған. Сонда бірнеше жыл құрылысшы болып жұмыс істеген Артур, ондағы халықтың еңбекқор, табанды және ашық адамдар екенін айтып отыр. 11 мың шақырымдық веложорыққа бел буған жиһанкездің өзін де қайратты азамат деуге болады.
Петропавлда Артурды армян диаспорасының өкілдері күтіп алды. Олар жиһанкезді қаланы аралатып, қыдыртты, велосипедіне қосалқы бөлшектер сатып алуға көмектесті.
«Жолда маған түрлі ұлт пен діннің өкілдері - мұсылмандар, христиандар, католиктер кездесті, барлығы маған көмек көрсетті. Мен оларға өте ризамын. Қазақстанда мені қазақ халқының қонақжайлығы таң қалдырды. Мен жорығымды Армения, Қазақстан және Ресей елдерінің достығына арнап отырмын», - деді Артур Оганян журналистерге берген сұхбатында.
Петропавлдың басты көшесі - Конституция даңғылын бір айналып өткен Артур Петропавлдан әрі қарай аттанды. Ол Қорған, Челябі, Уфа, Волгоград, Дондағы Ростов және т.б. қалалар арқылы өтіп, тағы 4 мың шақырымдай жол жүреді. Арменияға ол қаңтар айының соңында жетуді жоспарлауда.