Армения мен Әзербайжан бейбіт реттеу туралы бірлескен декларацияға қол қойды
АСТАНА. KAZINFORM — Әзербайжан президенті, Армения премьер-министрі және АҚШ президенті Вашингтонда Баку мен Ереван арасындағы қатынастарды бейбіт жолмен реттеу туралы бірлескен декларацияға қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Үшжақты кездесудің қорытындысы бойынша АҚШ президенті Дональд Трамп қол жеткізілген келісімдер аясында Әзербайжан мен Армения жауынгерлік әрекеттерді біржола тоқтатуға және бір-бірінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеуге міндеттенгенін мәлімдеді.
— Осы келісімнің арқасында біз бейбітшілікке қол жеткіздік. Біз жаңа ғана Овальды кабинеттен шықтық, онда ауқымды құжаттар мен келісімнің аса маңызды ережелеріне қол қойылды, — деді Трамп.


Тараптар сондай-ақ АҚШ-пен бірлесіп TRIPP (Trump Route for International Peace and Prosperity — «Халықаралық бейбітшілік пен өркендеуге арналған Трамп бағыты») инфрақұрылымдық жобасын жүзеге асыруға кірісуге міндеттелді. Армения премьер-министрінің айтуынша, бұл бастама өңірді тұрақты даму үшін ашып, барлық қатысушы тараптар үшін ұзақ мерзімді пайда әкелетін негіз қалыптастырады.
Армения үкіметінің басшысы әсіресе көлік қатынастарының ашылуына қатысты келісімге ерекше назар аударды. Ол құжат әр елдің егемендігі, аумақтық тұтастығы және юрисдикциясы қағидаттарына негізделгенін атап өтті. Құжат талаптарына сәйкес, АҚШ бұл жобаны 99 жылға жүзеге асыруға эксклюзивті құқыққа ие болады.
Бұған қоса, кездесуге қатысушылар Минск үдерісін аяқтап, оның құрылымдық бөлімшелерін жабуға шақырып, ЕҚЫҰ-ға бірлескен үндеу қабылдады.

Трамп сондай-ақ АҚШ Әзербайжанмен әскери ынтымақтастыққа қойылған шектеулерді, соның ішінде Вашингтон мен Бакудің өзара іс-қимылын шектейтін «Бостандықты қолдау туралы актінің» 907-ші түзетуін алып тастайтынын мәлімдеді.
Бұған дейін Армения, Әзербайжан және АҚШ-тың Вашингтонда үшжақты кездесуге дайындалып жатқаны хабарланған болатын.