Армения ҰҚШҰ-ға қайта оралуды көздеп отырған жоқ — Арарат Мирзоян

ЕРЕВАН. KAZINFORM — Армения өз ұстанымын өзгертпейді және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) қайта оралуды көздеп отырған жоқ. Бұл туралы елдің Сыртқы істер және халықаралық сауда министрі Арарат Мирзоян мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.

Арарат Мирзоян
Фото: mfa.am

Арарат Мирзоян Ереванда Словенияның Сыртқы және еуропалық істер министрі Тоне Кайзермен кездесу өткізіп, кейін олар бірлескен баспасөз мәслихаты барысында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берді. Онда министр ҰҚШҰ аясындағы мәселелерге қатысты да пікір білдірді.

— Біз бұл ұйымның жұмысына қатысуды әлдеқашан доғарып, мүше ел мәртебесіндегі қызметімізді тоқтатып қойдық. Егер оның басқа мүшелері немесе хатшылығы қандай да бір пікір білдіріп жатса, мұның бәрі бекер. Біз өз ұстанымымызды өзгертпейміз және ҰҚШҰ-ға қайта оралуды көздеп отырған жоқпыз, — деп жауап берді Арарат Мирзоян БАҚ өкілдерінің сауалына.

Еске салайық, таяуда Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің ұйымға мүше басқа елді оның құрамынан шығаруға құқығы жоқ екенін мәлімдеп еді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Армения үкіметі жаңа Конституцияны қабылдау үшін кезектен тыс парламент сайлауын өткізуі мүмкін.