Арменияда 1 қарашадан бастап тұруға ықтиярхат алу тәртібі өзгереді

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 1 қарашадан бастап Арменияда тұруға ықтиярхат алу тәртібіне өзгерістер енгізіледі. Құжаттарды рәсімдеуге өтініштер онлайн қабылданады, сондай-ақ мемлекеттік баж мөлшері артады, деп хабарлайды Kazinform Arminfo агенттігіне сілтеме жасап.

Армения
Фото: Kazinform/ЖИ

Армения Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, тұруға ықтиярхат алу үшін өтініштер арнайы онлайн-платформа арқылы беріледі. Ал тұру картасы мен анықтаманы өтініш берушілер саусақ іздерін тапсырып, электрондық қолтаңбасын ұсынғаннан кейін жеке өзі алуы керек.

Мемлекеттік баж мөлшері де өседі. Уақытша тұруға ықтиярхат алу құны 105 мың драмнан (шамамен 133 мың теңге) 150-155 950 драмға (шамамен 190-197 мың теңге) дейін қымбаттайды. Ал тұрақты тұруға ықтиярхат үшін төлем 140 мың драмнан (шамамен 177 мың теңге) 250 мың драмға (шамамен 317 мың теңге) дейін өседі.

Бұдан бөлек, елде заңды тұратынын растайтын куәлік үшін 30 мың драм (шамамен 38 мың теңге) көлемінде жаңа мемлекеттік баж енгізіледі.

Төлем құжаттарды қарастырғаны үшін алынатындықтан, тұруға ықтиярхат беруден бас тартылған жағдайда ақша қайтарылмайды.

Жеке кәсіпкерлер Арменияда нақты кәсіпкерлік қызметпен айналысатынын растауы керек. Мысалы, банк шотындағы қаражат немесе тиісті айналым туралы мәлімет ұсынуы қажет. Сондай-ақ ел үкіметі жеке кәсіпкерлерді қоса алғанда, тұруға ықтиярхат беруге жыл сайынғы квота белгілеуге құқылы болады.

Арменияда 183 күн және одан да көп уақыт болмаған шетелдіктер бұл туралы аталған мерзім аяқталғаннан кейін 10 күннен кешіктірмей онлайн-платформа арқылы хабарлауға тиіс. Бұл талап инвестиция немесе айрықша еңбегі үшін тұрақты мәртебе алған адамдарға қолданылмайды.

Сонымен қатар шетелдік азамат елде заңды тұратынын растайтын бір ғана мәртебеге ие бола алады.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Арменияда еңбек қызметімен айналысу үшін жұмыс визасын алу міндеттеледі. Оның құны 15 мың драм (шамамен 19 мың теңге) болады. Ал 10 жылдық арнайы мәртебе енді берілмейді.

2026 жылғы 1 қарашаға дейін тапсырылған өтініштер бұрынғы тәртіппен қаралады. Ал бұған дейін берілген құжаттар мен мәртебелердің мерзімі аяқталғанша заңды күші сақталады.

Еске салайық, бұған дейін Арменияның жаңа Конституция жобасының мәтіні биыл қараша айында жарияланатынын хабарлағанбыз.