Арменияда алғаш рет Батыс Ніл вирусын жұқтырғандар тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM – Арменияның ауруларды бақылау және алдын алудың ұлттық орталығы масадан адамға жұғатын Батыс Ніл вирусының елде алғаш рет таралуын тіркеді. 20-ға жуық адам ауруханаға жатқызылып, бір науқас көз жұмған, деп хабарлайды Kazinform тілшісі «Азатутюн» радиосына сілтеме жасап.

комар
Фото: pixabay.com

Науқастардың жағдайы орташа және ауыр деп бағаланып отыр. Олардың ішіндегі ең жасы 25-те, ең егдесі 65-те.

Барлық науқастың созылмалы және ауыр сырқаттары бар. Қаза болған 60-тан асқан адамның да созылмалы ауруы болған.

Армения Денсаулық сақтау министрлігінің ауруларды бақылау және алдын алудың ұлттық орталығының директоры Степан Атоянның айтуынша, бұл аурудың нақты емі жоқ, тағайындалған ем симптоматикалық және бұл вирусқа қарсы вакцина әлі әзірленбеген. Батыс Ніл вирусын кулекс (Culex pipiens) масалар таратады.

Арменияда Батыс Ніл вирусын жұқтыру жағдайлары негізінен елдің ыстық аймақтарында - Арарат, Армавир және Арагацотта тіркелген.

Соңғы жаңалықтар