Арменияда «алтын» нөмірі бар паспорттарды аукцион арқылы сату ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM – Арменияда ерекше цифрлар комбинациясы бар биометриялық паспорттарды ақылы негізде беру жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Ең сирек кездесетін әрі сұранысқа ие нөмірлер аукцион арқылы сатылуы мүмкін, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Арменияның қоғамдық радиосына сілтеме жасап.
Бұл туралы 4 қарашада Армения Ішкі істер министрлігі Көші-қон және азаматтық қызметінің басшысы Нелли Давтян мәлімдеді.
Оның айтуынша, паспорт құны ондағы цифрлар комбинациясына байланысты белгіленеді. Нөмір неғұрлым ерекше әрі сирек кездесетін болса, оның бағасы да соғұрлым жоғары болуы мүмкін.
– Белгілі бір цифрлар комбинациясы үшін азаматтар қосымша ақы төлейді. Ал ең сирек кездесетін және тартымды нөмірлер аукционға шығарылады. Паспорттың құны оның нөміріндегі цифрлар комбинациясына байланысты болады. Комбинация неғұрлым ерекше әрі сирек кездессе, бағасы да соғұрлым жоғары болуы мүмкін, – делінген ақпаратта.
Жаңа бағдарламаны 2027 жылы жұртшылыққа таныстыру жоспарланған. Әзірге ерекше нөмірлердің нақты бағасы мен аукцион өткізу тәртібі жарияланған жоқ.
Арменияда биометриялық паспорттар мен жеке куәліктерді берудің жаңа жүйесі 2026 жылғы 1 қарашадан бастап жұмыс істей бастады.
HAYPASS компаниясының мәліметінше, алғашқы үш күнде шамамен 7,7 мың өтінім түскен. Оның 2,7 мыңға жуығы азаматтарға жеке қызмет көрсету барысында өңделген.
Айта кетейік, бұған дейін Арменияда 1 қарашадан бастап тұруға ықтиярхат алу тәртібі өзгеретіні хабарланған болатын. Жаңа ережеге сәйкес, өтініштер онлайн қабылданып, құжаттарды рәсімдеуге арналған мемлекеттік баж мөлшері ұлғайтылды.