Арменияда TRIPP жобасы қашан басталатыны белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM — Армениядағы TRIPP теміржол бағытының құрылысы 2026 жылдың екінші жартысында басталады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы парламент отырысында Армения премьер-министрі Никол Пашинян мәлім етті, деп хабарлайды агенттіктің меншікті тілшісі.
— Біз осы жылдың соңына дейін барлық егжей-тегжейлерді қағазға түсіруіміз қажет. Жоспар бойынша 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында келісімге келіп, құрылыс екінші жартыжылдықта басталуы керек, — деді премьер-министр.
Пашинянның айтуынша, теміржол кеңес дәуіріндегі бағыт бойынша өтеді. Себебі басқа учаскеде құрылыс жүргізу мүмкін емес.
— Газ құбыры мен электр желілері солтүстікке қарай жалғасады, — деп қосты премьер-министр.
Премьер-министр бұл процесс Вашингтон декларациясында бекітілген аумақтық тұтастық, егемендік, юрисдикция, өзара құқық және шекаралардың мызғымас қағидаттары негізінде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Бұған дейін Армения АҚШ-тың TRIPP теміржол құрылысына қатысуын қарастырып жатқандығы туралы жаздық.