Экономиканы форсайт-зерттеу кәсіптің 129 түрі жойылып бара жатқанын көрсетті

коллаж
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне кейінгі жылдары ауқымды міндеттер жүктелді. Осы бағытта бірқатар жоба іске асырылып жатыр. Бұл туралы Kazinform агенттігінің «Министрмен әңгіме» жобасы аясында ведомство басшысы Светлана Жақыпова баяндап берді.

Светлана Қабыкенқызы, елімізде жұмыссыздық 4,7 пайыз шамасында және осы деңгей біраз жылдан бері өзгермей тұр. Биыл осы межені төмендету мүмкін бе, яғни қанша жаңа жұмыс орны ашылады?

- Өзіңізге мәлім, орталық және жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеттерінің бірі - жаңа жұмыс орындарын құру. Ол негізінен ұлттық жобалар, мемлекеттік органдардың тұжырымдамалары мен кешенді жоспарлары, өңірлерді дамыту жоспарлары, инвестициялық жобалар, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру бағдарламалары аясында қалыптастырылатынын айта кету керек.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында Мемлекет басшысы жұмыс орындарын құру үшін барлық ұлттық жобаларды қоса отырып, өңірлік жұмыспен қамту карталарын әзірлеуді тапсырды.

Өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде 950 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Оның ішінде тұжырымдама, ұлттық жобалар, микрокредиттеу жөніндегі жобалар, субсидияланатын жұмыс орындары аясында 273,9 мың, бос жұмыс орындарына 312,1 мың, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы шеңберінде 341,3 мың адам қамтылады.

Халықты жұмыспен қамту, сондай-ақ экономиканың барлық салаларында мемлекетті қолдау саласында қабылданып жатқан шаралардың арқасында соңғы бірнеше жылда жұмыссыздық деңгейі тұрақты болып отыр және бұл ретте күрт өсу байқалмады. 2020 жылы - 4,9%, 2021 - 4,9%, 2022 - 4,9% және 2023 жылғы 4 тоқсанда - 4,7%.

- Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешуде қандай ілгерілеу бар?

- 2000 жылдардағы демографиялық өсімнен кейін 2030 жылға қарай еңбек нарығына жыл сайынғы қосылатын жастар саны 300 мыңнан асады. Осыған байланысты, әсіресе, оқу орындарын бітірген жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу - министрліктің негізгі міндеттерінің бірі. Ол үшін бірқатар мемлекеттік қолдау шарасы қарастырылған.

Мәселен, жастарға оқу орнынан кейін бастапқы тәжірибе алуға және олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін жастар практикасы бар. Былтыр жастар практикасына 33,9 мың адамды жібердік, олардың жартысы тәжірибе аяқталғаннан кейін сол жерде тұрақты жұмысқа орналасты. Биыл 35 мың жасты жіберу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ 2020 жылдан бастап «Бірінші жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары енгізілді. Олар жас мамандарға жұмыстың бірінші жылы үшін жалақыны субсидиялай отырып, тұрақты жұмысқа орналасуға, аға әріптестерінің тәжірибесін алуға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, кәсіпкерлік бастаманы дамыту үшін 2023 жылдан бастап жастарға жылдық 2,5% шағын несие беру көзделген. Былтыр жас кәсіпкерлерге 25,6 млрд теңгеге 5 490 шағын несие берілді.

Президенттің «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында 2030 жылға дейін 3,3 млн азамат, оның ішінде жастарды, яғни кемінде 2,3 млн жасты жұмыспен қамту қарастырылған.

Биыл кемінде 240 мың жасты жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. Былтыр жастардың жастық межесі 35 жас деп жаңаша белгіленгеніне қарамастан, халықты жұмыспен қамту саласында жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясат 2022 жылдың ұқсас кезеңімен (3,8%) салыстырғанда 2023 жылдың 4-тоқсанында жастар жұмыссыздығының деңгейін 3,4%-ға дейін төмендетуге ықпал етті.

зауыт
Фото: Валерий Бугаев

- Былтыр еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша заң қабылданды. Бұл ретте, арнайы әлеуметтік төлем көп жылдар бойы жұмыс істеген, 55 жасқа толған және 7 жыл бойы өздеріне жиынтық жарналар аударған азаматтарға төленеді. Биыл осы төлемді 37 мыңнан астам жұмысшы алатыны хабарланған еді. Қазір олардың арасында осы мүмкіндікті қанша адам пайдаланды? Сонымен қатар, зиянды жұмыс істейтіндер қатарына қай саланың жұмысшылары еніп отыр?

- Арнаулы әлеуметтік төлемді тағайындау үшін қойылатын талаптарға сәйкес келетін адамдардың екі санаты бар. Біріншісі - қазір еңбек жағдайлары зиянды орындарда жұмыс істейтін адамдар. Екіншісі - талаптарға сәйкес келетін, алайда қазір зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істемейтін адамдар.

Арнаулы әлеуметтік төлем бірінші санат бойынша 4 қаржыландыру көзінен, атап айтқанда бюджеттен, сақтандыру компаниясынан, жұмыс берушіден және зейнетақы қорынан, сондай-ақ екінші санат бойынша 2 қаржыландыру көзінен - бюджеттен және зейнетақы қорынан жүзеге асырылады. Биыл бұл талаптарға 37 097 азамат сәйкес келеді. 19 ақпандағы жағдай бойынша бірінші санатқа жататын 501 азаматтан, екінші санатқа жататын 1 829 азаматтан арнаулы әлеуметтік төлем тағайындау бойынша өтініш келіп түсті (жалпы – 2 330). Әлеуметтік кодекске сәйкес, жұмыс берушілер кәсіптері мен қызмет түрлері «Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмысшылардың, өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің тізбесіне» енгізілген адамдар үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады, олардың 2 мыңнан астам позициясы бар.

Осылайша, арнаулы әлеуметтік төлем экономиканың 19 саласында, оның ішінде тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде және басқаларында жұмыс істейтін қазақстандықтарға тиесілі болады. Төлем зейнеткерлік жасқа дейін аударылады. Арнаулы әлеуметтік төлемдерді алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыспауға тиіс. Жұмысшылар жеңіл жұмысқа ауыса алады, содан кейін олар жалақы мен төлем алады немесе демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнаулы әлеуметтік төлемдер алады.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының деректері бойынша арнаулы әлеуметтік төлемді тағайындау үшін міндетті шарттарды ескере отырып, оған 2024 жылы 37 мыңнан астам жұмыскер, 2030 жылы 58 мыңнан астам, 2035 жылы 95 мыңнан астам жұмыскер үміткер бола алады. Осылайша, әлеуетті төлем алушылар саны жыл сайын ұлғаяды.

- Кейінгі кезде біраз жаңа кәсіп пайда болатыны жайында жиі айтылып жүр. Жалпы, оның қайсысы елімізде пайда болуы мүмкін және алдағы жылдары қайсылары жоғалып кетуі ықтимал?

- Технологияның дамуымен кейбір кәсіптер ескіреді немесе мүлдем жоғалады, ал олардың орнына басқа кәсіптер пайда болады. Еңбек нарығы қалай өзгеретінін және болашақта қандай кәсіптер қажет болатынын түсіну үшін форсайт-болжау жүргізіледі. Осылайша, экономиканың 9 саласын (тау-кен металлургия, мұнай-газ салалары, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, машина жасау, АКТ, энергетика, туризм, құрылыс салаларын) форсайт-зерттеу нәтижелері бойынша 239 жаңа, 95 трансформацияланатын және 129 жойылып бара жатқан кәсіп анықталды.

​Мәселен, құрылыс саласында – робототехника бойынша техник мамандығы пайда болады, энергетика саласында – атом электр станциясын салу және пайдалану жөніндегі маман, ақпараттық технология саласында – киборгизация жөніндегі нұсқаушы, тау-кен-металлургия саласында – қашықтағы оператор-технолог.

​Бұл ретте жақын болашақта конвейер машинисі, тау-кен-металлургия саласындағы көтергіш қондырғылардың машинисі (2030 жылға қарай), газбен темір кесушілер, құрылыс саласындағы әйнек салушылар (2030 жылға қарай) сияқты кәсіптер жойылады. Олар жойылып кетпейді, тек қоғамның қажеттіліктеріне сәйкес жаңаратынын айта кеткен жөн. Бұл ретте, қазіргі заманның ағымына ілесіп жүру үшін үнемі және кез келген кәсіпте жаңаны үйреніп, басқа салаларда даму қажет.

еңбек
Фото: Pixabay

- Еліміздегі өндірістерде жұмысшылардың қауіпсіздігі мәселесі өзекті. 2023 жылы неше адам зардап шекті? Жазатайым оқиғалардың негізгі себептерін азайтуда қандай іс-шаралар қабылданды?

- Былтыр еліміздің кәсіпорындарында 1 474 адам зардап шекті, бұл – 2022 жылдың сәйкес кезеңінен 0,6 пайызға көп. Оның ішінде 251 адам қаза тапты, бұл – оның алдындағы жылдан 22,8 пайызға артық. Жараланудың жоғары деңгейі бұрынғыдай еліміздің өнеркәсіптік өңірлерінде – Қарағанды (233 адам зардап шекті), Шығыс Қазақстан (114 адам), Абай (107 адам), Қостанай (113 адам) облыстарында және Алматы қаласында (115 адам) сақталып отыр.

Экономика салалары бөлінісінде зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен өнеркәсібі кәсіпорындарында және құрылыс саласында байқалды.

Зардап шеккендер санының артуына техногендік сипаттағы, яғни 2023 жылғы 28 қазанда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің Костенко шахтасында (46 адам қаза тауып, 28 адам жараланды), 2023 жылғы 17 тамызда Қазақстан шахтасында (5 адам қаза тауып, 17 адам жараланды) болған өрттің және Абай облысындағы «Семей Орманы» РММ-де табиғи орман өртінің (15 адам қаза болған) салдарынан болған топтық жазатайым оқиғалар себеп болды. Еңбекті қорғау саласындағы жағдайды жақсарту мақсатында Министрлік жұмыс берушілермен бірлесіп кешенді жұмыстарды атқарып жатыр.

Біріншіден, мемлекеттік еңбек инспекторлары мемлекеттік бақылауды күшейтті.

Екіншіден, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру үшін еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша өндірістік кеңестерді құру бойынша жұмыстар күшейтілді. Қазір 18 мыңнан астам өндірістік кеңес жұмыс істеп жатыр. Еңбекті қорғау бойынша заң бұзуға жол бермеу және профилактика жүргізу мақсатында 3214 кәсіпорында еңбекті қорғау стандарттары енгізілген. «Нөлдік жарақат - Vision Zero» Тұжырымдамасына 536 кәсіпорын қосылды. 258 құрылыс нысанында бас мердігердің барлық қосалқы мердігерге бақылау жасауын көздейтін бақылаудың моделі енгізілді.

Үшіншіден, 2023 жылғы 28 желтоқсанда Үкіметтің Қаулысымен Қазақстан Республикасында 2024-2030 жылдарға арналған Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдама жұмысшылардың еңбек жағдайларын жүйелі жақсартудың жаңа тәсілдерін қамтыды.

Тәуекелге бағдарланған тәсілді енгізу еңбек жағдайларын автоматты мониторингтеу үшін ақпараттық жүйелерді интеграциялау жолымен еңбекті қорғау саласын толыққанды цифрландыру арқылы жүзеге асырылады.

Қазір кәсіпорындардың цифрлық картасы құрылды, ол 2024 жылғы 1 шілдеден бастап нақты уақыт режимінде еңбек жағдайларына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Жалпы, тұжырымдаманы іске асыру өндірісте жаралануды және кәсіптік ауруларды төмендетуге, құзыреттерді арттыруға және еңбек жағдайларын жақсарту бойынша экономикалық ынталандыруды күшейтуге ықпал етеді деп санаймыз.

Төртіншіден,еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық базаны жетілдіру бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселен, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы шеңберінде Еңбек кодексіне мыналарды көздейтін толықтырулар енгізіледі:

- мемлекеттік еңбек инспекциясын жергілікті атқарушы органдардан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беру;

- жазатайым оқиғаны тергеу кезінде тараптардың аралас жауапкершілігін қолдануды қайта қарау;

- зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерге емдеу-профилактикалық тамақтандыруды беру тәртібін нақтылау;

- медициналық ұйымның жұмыс берушілерді және мемлекеттік еңбек инспекторын қызметкерлердің өндірістік жарақатпен жүгінген әрбір жағдайы туралы хабардар ету мерзімдерін бекіту;

- өндірістегі жазатайым оқиға салдарынан зардап шеккендерге олардың мүдделерін білдіру үшін кәсіподақтармен қатар, адвокаттар мен заңгерлерді тарту құқығын бекіту;

- денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға өндірістік жарақаттардың ауырлығын айқындау тәртібін бекіту бойынша құзырет беру;

- қызметкердің мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік еңбек инспекторының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану құқығын бекіту;

- мемлекеттік еңбек инспекторларына қауіпті өндірістік объектілерде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында алдын ала ескертусіз тексерулер жүргізу құқығын беру. Қазіргі уақытта заң жобасы Парламент Мәжілісінде қаралып жатыр. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, аталған шаралар еңбекті қорғау саласындағы жағдайды жақсартуға және өндірістік жарақаттану деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді деп санаймыз.

- Жыл сайын жұмыс берушілердің сұрауы бойынша Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін тартуға квота бекітіліп келеді. Елімізге көбіне қай елдердің мамандары келіп жатыр? Осы жылы қанша адам тартылмақ?

- Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді. ​2023 жылы квота 0,24% немесе 22 260 шамасында белгіленді. Былтыр жергілікті атқарушы органдар жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тарту үшін 14,5 мың рұқсат берді және ұзартты. Шетел азаматтары келетін негізгі елдер: Қытай (4 161 адам), Түркия (1 206 адам), Үндістан (1 253 адам), Өзбекстан (784 адам) және т.б.

Шетел азаматтарының басым бөлігінің тартылатын мамандықтары:

- өнеркәсіп, құрылыс, тау-кен, ақпараттық технологиялар және электр энергиясы салаларындағы инженерлер (3 948 адам);

- өнеркәсіп және құрылыс техниктері (1 270 адам);

- жоба менеджерлері (377 адам);

- директорлар (305 адам) және олардың орынбасарлары (227 адам);

құрылыстардағы мен бағдарламалық жасақтама сәулетшілері (49 адам);

- денсаулық сақтау саласындағы дәрігерлер (36 адам).

2023 жылы үй шаруашылықтарында жұмыс істеу үшін еңбек иммигранттарын тартуға 305,8 мың квота белгіленді. Ал жергілікті атқарушы органдар 295 261 рұқсат берді.

Сонымен қатар, 2024 жылға бөлінген жалпы квота саны еліміздегі жұмыс күшінің 0,23%-ын немесе 22 мың мөлшерінде белгіленді. Биыл шетел жұмыс күшін жұмысқа тарту бойынша 4 санатта квота бөлінді:

- бірінші санат бойынша 906 рұқсат (басшылар және олардың орынбасарлары);

- екінші санат – 5 054 рұқсат (құрылымдық бөлімшелердің басшылары);

- үшінші санат – 10 786 рұқсат (мамандар);

- төртінші санат - 2 888 рұқсат (білікті жұмысшылар).

Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 2 366 адамға дейін жұмыс күші тартылуы мүмкін.

Бұдан басқа, биыл үй шаруашылықтарында жұмыс істеу үшін еңбек иммигранттарын тартуға арналған квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 3,1% немесе 271,3 мың шамасында белгіленген.

переселенцы
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

- Солтүстік өңірлерге қоныс аудару тақырыбына қатысты көп сын айтылып жатады. Оның ішінде осы өңірлерге барғандардың кейбірінің біраздан кейін қайта көшіп кетуі деректері бар. Жалпы, осы бағдарлама аясында қоныс аударатындарды тұрақтандыру тұрғысында қандай да бір өзгерістер енгізіле ме? Биыл еліміздің жұмыс күші артық өңірлерінен қанша адам солтүстікке қоныстануы мүмкін?

- Елдің еңбек тапшылығы бар өңірлеріне ішкі ұтқырлықты ынталандыру мақсатында азаматтарды ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу жөніндегі шаралар іске асырылып жатыр. Аталған шара мемлекет тарапынан қолданылатын қазіргі кездегі жалғыз тиімді механизм саналады.

Еңбек тапшылығы бар өңірлерге 2023 жылы 8 903 адам немесе 2 558 отбасы қоныс аударды. Сонымен қатар, 184 адам мемлекеттік қолдау шараларын алмай жатып, қайта көшіп кетті.

Министрлік жағынан осы бағдарлама аясында қоныс аударғандардың қайта көшіп кету себептері бойынша талдау жүргізілді. Әрине, қолайсыз ауа райы, жеткілікті дамымаған инфрақұрылым әсерінен кейбір қоныс аударғандардың оңтүстік өңірлерге қайта көшіп кетуі деректері байқалды. Министрлік осы мәселелерді шешу мақсатында және қоныс аударатындар мен қандастарды ынталандырудың оңтайлы моделін құру мақсатында солтүстік өңірлерде бейімдеу мен интеграциялаудың жаңа алгоритмін әзірледі.

Қазіргі кезде Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында пилоттық түрде жүзеге асырылып жатыр. Жергілікті қоғамдастыққа тиімді интеграциялау үшін отбасын, оның ішінде балаларды толық қолдауды, сондай-ақ әлеуметтік-медициналық және білім беру қызметтерін қамтитын бейімдеу әрі интеграциялық қызметтер кешені ұсынылады.

Қоныс аударатындар мен қандастарды бейімдеу және интеграциялау үшін негізгі қызмет түрлерінің тізбесі қалыптастырылды.

Бейімдеу және интеграциялау мерзімі Отбасының цифрлық картасы және мобильді қосымша арқылы мониторингті ескере отырып, бес жыл бойы жүзеге асырылады.

Биылғы бірінші тоқсанында қоныстанудың барлық өңірінде қандастар мен қоныс аударғандарды бейімдеу және интеграциялау бойынша қызмет көрсетуді кеңінен қолдану жоспарланған.

Сондай-ақ, қоныс аударатындар мен қандастарды қабылдайтын өңірлерде тұрғын үй сатып алу үшін баспана құнының 50 пайызын, бірақ 4 млн теңгеден аспайтын мөлшерде қаржылық көмек алуға құқығы бар экономикалық мобильділік сертификаты енгізілді.

2023 жылы шілде айынан бастап тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 1 310 экономикалық мобильділік сертификаты берілді. Биыл 9 433 адамды көшіру жоспарланған.

Қандас мәртебесі қалай тағайындалады: ереже өзгерді
Фото: gov.kz

 - Үкімет айқындайтын өңірлерге қандастарды қоныстандыру қарастырылған. Бұл өңірлердің арасында Павлодар, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстары бар. Ал Үкімет айқындамаған басқа өңірлерге келген қандастар «қандас» мәртебесін алуда қиындықтарға немесе кедергілерге тап болып жатқаны айтылып жүр. Осы мәселе бойынша түсіндіріп өтсеңіз. Сонда, «қандас» мәртебесін алу үшін тек белгіленген өңірлерге ғана баруы керек пе?

- Жоқ, «қандас» мәртебесін алу үшін Үкімет айқындаған өңірлерге ғана бару міндетті емес.

Конституцияның 21-бабы 1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбір адам еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар.

Мемлекет басшысының 2022 жылғы халыққа Жолдауында қандастарды көшіру саясатын түбегейлі реформалау, демографиялық және экономикалық үрдістерді, сондай-ақ жалпыұлттық мүдделерді ескере отырып, ішкі көші-қонды реттеу жөнінде ұсыныстар әзірлеу тапсырылған.

Елімізде этникалық қазақтарды қоныстандырудың негізгі алгоритмі 5 бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр. Бірінші бағыт - ​Отбасы мүшелерінің немесе жақын туыстарының елде тұрақты тұруы жағдайында отбасына қосылуы. Екінші бағыт - одан әрі жұмысқа орналасу және бос жұмыс орнына орналасу мақсатында жұмыс берушінің шақыруы. Үшінші бағыт - демографиялық дамуға сұраныс, даму әлеуеті бар агломерация аумақтарында әрі ауылдық елді мекендерде, шағын және моноқалаларда, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларда қоныстандыру. Осы үш бағыттың талабына сай келетін этникалық қазақтар еліміздің әр өңіріне тұрақтана алады. Төртінші бағыт - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерде қоныстандыру. Бұл ретте Абай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары ескерілген. Осы өңірлер еңбек тапшылығы бар өңірлерге жатады. Қоныстандырудың осы бағыты бойынша мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі. Бесінші бағытта Қазақстан Республикасының жоғарғы оқу орындарында оқитын этникалық қазақтар қамтылған.

Жалпы, қоныстандырудың жаңа тәсілі Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері немесе «Құтты мекен» мобильдік қосымшасы арқылы қандас мәртебесін беруге құжаттарды қабылдауды көздейді.

2023 жылы тарихи Отанына оралып, қандас мәртебесін алғандардың саны 21 мың адам болды. Ал 2022 жылдың осы кезеңінде елімізге 19 мың қандас келген.

Жаңа тәсілмен келген 6 200 қандастың 2 926-сы солтүстік өңірлерге қоныстанған, жетеуі агломерация аймақтарына қоныстанды,
3 242-сі отбасымен бірігу мақсатында келген және 25-і жұмысқа орналасу мақсатында қандас мәртебесін алған.

Қандас мәртебесін алу туралы шешімді этникалық қазақтар өз бетінше және ерікті түрде қабылдайды және жылдан-жылға тарихи Отанына келетін этникалық қазақтардың саны артып жатыр. Елімізге тұрақты тұруға келген этникалық қазақтардың құқықтары бұзылмайды.

Соңғы жаңалықтар