Арнайы бағдарлама алаяқтық мақсаттағы 49 млн қоңырауды бұғаттаған

АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев кезекті брифингіде телефон қоңырау мен WhatsApp арқылы жасалатын алаяқтыққа қандай тосқауылдар қойылып жатқанын айтты. 

телефон алаяқтығы
Фото: polisia.kz

«Банктер мен мемлекеттік органдар қызметкерлерінің атынан жасалатын телефон қоңыраулары жиілеп кетті. Алаяқтар жеке деректер мен ақшаңызды алу үшін банктердің, құқық қорғау органдарының немесе басқа мемлекеттік органдардың қызметкерлерінің атын жамылып, қоңырау шалады.

Байланыс операторларымен бірлесіп, мұндай қоңырауларға тосқауыл қойып жатырмыз. Ол үшін арнайы бағдарлама жасалған. Осы бағдарлама қолданысқа енгізілген күннен бастап 49 млн-нан астам қоңырау бұғатталды», - деді ресми өкіл.

Соның сөзінше, алаяқтар азаматтарды «қауіпсіз» шотқа ақша аударуға немесе несие алуға көндіру үшін WhatsApp мессенджерін де пайдаланады.

«Биыл осындай 2000-ға жуық дерек тіркелді. Сондай-ақ, қаскөйлер қашықтан қол жеткізу қосымшаларын орнатуды және SMS-кодтарды жіберуді сұрауы мүмкін. Бұл алаяқтарға сіздің қаржыңызды басқаруға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл жерде де сақ болыңыздар», - деді Шыңғыс Әлекешев.