Арнайы экономикалық аймақтардың жұмысы жаңа форматқа көшеді

АСТАНА. KAZINFORM — Арнайы экономикалық аймақтарды басқару тәсілі қайта қаралып жатыр. Бұл туралы Құрылтайда өңдеуші секторды ынталандыруға арналған Үкімет сағатында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты.

Машина жасау
Фото: ortcom.kz

— Жалпы, 2023 жылдан бері елімізде жалпы құны 4,6 трлн теңге болатын 670 инвестициялық жоба іске асырылды. Іске қосылған кәсіпорындарда шамамен 6 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, оның үштен біріне жуығы экспортқа шығарылды. Жаңа өндіріс орындарын ашу жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 200 жобаны іске асыру және 17 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінде 130 жоба іске қосылды, — деді Ерсайын Нағаспаев.

Оның сөзіне қарағанда, жаңа кәсіпорындар негізінен құрылыс материалдарын өндіру, машина жасау және тамақ өнеркәсібі салаларында ашылды. Ең көп инвестиция машина жасау саласына — шамамен 1 трлн теңге, тамақ өнеркәсібіне — 760 млрд теңгеден астам қаржы салынды.

— Жаңа өндірістерді іске қосумен қатар, экономиканы әртараптандыруға бағытталған стратегиялық маңызы бар ірі жобалар да жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, осындай 17 жоба қолға алынып, оның 9-ы министрліктің жетекшілігімен жүзеге асырылып жатыр. Өткен жылы 9 жобаның екеуі іске қосылды. Атап айтқанда, KIA Qazaqstan және Astana Motors көпмаркалы автомобиль зауыттары жұмысын бастады. Келесі жылдың басында тағы бір жобаны, яғни Павлодар облысында жылына 160 мың тонна темір мен болат өндіретін зауыттың бірінші кезеңін іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар мұнай-газ химиясы, агрохимия және түсті металлургия саласындағы жобалар да жүзеге асырылып келеді, — деді министр.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта елімізде инвестиция тарту және жаңа өндіріс ашу үшін 19 арнайы экономикалық және 69 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Олардың аумағында жалпы 900-ден аса жоба жүзеге асып, 7 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл кәсіпорындар шамамен 22 трлн теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке 1 трлн теңгеден астам салық төледі.

— Қол жеткізілген нәтижелерге қарамастан, арнайы экономикалық аймақтардың жұмысында шешімін қажет ететін мәселелер бар. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша арнайы экономикалық аймақтар қызметінің жаңа моделі әзірленді. Ол үш негізгі бағытты қамтиды. Бірінші — инфрақұрылымды алдын ала дайындау. Инвестор келгенге дейін қажетті инженерлік желі мен өндіріс қуаты дайын болуы үшін жоспарлау және қаржыландыру тәсілдері қайта қаралуда. Инфрақұрылымды қаржыландыру үшін Ислам даму банкінен $1,3 млрд несие қаржы тарту пысықталып жатыр. Екіншісі — басқару жүйесін өзгерту. Арнайы экономикалық аймақтарды басқару тәсілдері қайта қаралып жатыр. Атап айтқанда, аймақтарды жеке, оның ішінде шетелдік инвесторлардың басқаруына беру көзделіп отыр. Басқарушы компаниялар аймаққа инвестиция тартуға, жобаларды сүйемелдеуге және кәсіпкерлерге сапалы қызмет көрсетуге бағытталған толыққанды даму операторларына айналуы тиіс. Үшінші — жобаларды іріктеу сапасын арттыру. Жобаларды іріктеу кезінде өндіріс қуаттарының балансы бағаланады. Енді жобалар нарықтағы сұранысқа, экспорттық әлеуетке және өндірістік кооперация мүмкіндіктеріне қарай іріктеледі. Осылайша, арнайы экономикалық аймақтардың жұмысы түбегейлі жаңа форматқа көшеді, — деді ведомство басшысы.

Бұған дейін Құрылтайда импортқа тәуелділікті азайтудың тетіктері ұсынылғанын жазған едік.

Сонымен қатар Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева отандық өніммен қамтамасыз етуде қандай кемшіліктер бар екенін атады.