Арнайы репортаж: Америкадағы ұлы күн тұтылуы қалай болды

САН-ФРАНЦИСКО. ҚазАқпарат - Дүйсенбі күні АҚШ-та болған «Америкадағы ұлы күн тұтылуы» тарихта қалатыны сөзсіз. Бұл құбылыс 14 штаттың аумағын қамтыды. Табиғи құбылыс АҚШ тұрғындарының ерекше қызығушылығын тудырды. Ендеше күннің толық тұтылуы секілді сирек кездесетін оқиға жөнінде «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері Эльнура Абаканованың АҚШ-тан арнайы ҚазАқпарат үшін дайындаған репортажын оқырман назарына ұсынамыз.
None
None

***

Бұл құбылыс батыстағы Орегоннан шығыстағы Онтүстік Каролинаға дейінгі территорияда байқалды. Сонымен қатар, бірнеше штат тұрғындары жартылай күн тұтылуын көре алды. Олардың арасында мен тұрып жатқан Калифорниядағы Сан Франциско да бар. Тынық мұхитының дәл жанында орналасқан көрікті қала мен әйгілі Кремний жазығында бұл күн қалай өткені жөнінде бөлісе жүрейін. 

Осы аптаның демалыс күндерінде Кремний жазығы орналасқан Санта Клара қаласына бір шаруалармен барып, дүйсенбі күнінің таңында досыммен бірге Сан Францискоға жолға шықтық. Кремний жазығының бойында Apple мен Google орналасқан Санта Клара, Facebook-тың тұрақты жері Сан Матео, Adobe компаниясының офисі бар Сан Хоседен Сан Францискоға Калтрейн (Caltrain) пойызымен шамамен екі жарым сағатта жетіп алуға болады.
null 

Күннің тұтылуы сағат ондарда басталатын болғандықтан, бос уақытты пайдаланып,  жергілікті тұрғындармен сұхбаттаспақ болдым. Алайда, Кремний жазығы тұрғындарымен кез келген уақытта, әсіресе Калтрейнде сөйлесе салу онша оңай емес, өйткені, құлақтарына музыка тыңдайтын құралдарды тағып алып, ноутбуктарына үңіле қарап жұмыс істеген адамдарды мазалаған ыңғайыссыздау, әрине. Бұл аймақта жұмыс істейтін ақылды адамдардың ең басты мақсаты - қайда жүрсе де, уақыттарын бос өткізбеу. Қалаға жеткенше бірнеше адаммен сұхбаттасып, уақыт тез өте шықты. Әңгімеміз сол жоғарыда атап өткен күннің тұтылуы жөнінде өрбіді. Жолаушылардың біразы жұмыстан қолы тимей, кездесуде болып, көре алмайтындарын күрсіне айтса, шағын стартапта жұмыс істейтін Рейчел есімді қыз жұмысқа жетуге асығып отырды. Басшысы бірнеше күн бұрын арнайы көзілдіріктерді сатып алып, қызметкерлеріне таратып беріпті. Ондай қамқоршыл басшылар мұнда көп, өйткені әріптестерді ойлап, оларға көмектесу - жақсы мәдениеттің белгісі.

Тынық мұхиттан келген тұманға, асығып ағып жатқан бұлттарға қарамастан әр жерде машиналарын тоқтатып, бірден шығып, ұялы телефондарын күнге қаратып, суретке түсіріп жатқан адамдар жол бойында көп кездесіп жатты.

Пойыздың ішінде, телефондарын күннен алмай, түсе салып суретке түсіріп жатқан жолаушылардың бұл құбылысқа қызуғышылығын түсінуге болады.

Менің де ойым осы тарихи сәтті бір көріп қалу. Сан Францискоға тезірек жетіп, күннің тұтылуын бақылауға болатын арнайы көзілдірікті сатып алуға досым екеуіміз асығып, келе сала дүкендерді аралап шықтық.

Арнайы көзілдірік жоқтың қасы, әттең деп тұрған сәтте денесінің бәрі суретке толы қарапайым қыз өзінің көзілдірігін беріп, күн тұтылу сәтін біраз тамашалап алдым. Әсер тамаша!
null  

Кремний жазығында орналасқан NASA-ның Эймис зерттеу орталығында (Ames Research Center) таңғы сағат сегізде іс-шара ұйымдастырылып, спутниктердегі көріністерді модификацияланған телескоптар арқылы көруге болатын жағдай жасалды. Бұл іс-шараны тамашалауға Кремний жазығына жұрт көп жиналды. Сондай-ақ Оклендтегі (Сан Францисконың жанындағы қалашық) Чабот ғарыш және ғылым орталығында (Chabot Space and Science Centre) шамамен 1000-ға жуық адам бұл құбылысты қызықтады. Кейбір кітапханалар мен мектептерде оқушыларға ақпарат беріліп, арнайы көзілдірік таратылып, қызықтауға жағдай ұйымдастырылған болатын.

Сан Францисконың атақты көпірлері мен төбешіктерінде біраз адам арнайы жиналып, екі сағаттай күнді тамашаласа, біреулер көшелер арасында бара жатып, бағдаршамға келгенде тоқтай сала, көзілдіріктерін тез киіп, 20-30 секунд болса да күнді бақылап, әрі қарай асығыс жөндеріне жүре берді.  

Қарапайым халықтың бұл құбылысқа қызығушылығы неге жоғары дейсіз ғой. Ең алдымен, Американның бұқаралық ақпарат құралдары кез келген жаңалықты алдын ала, тіпті шамадан тыс талқылайды. Оны естіп алған халық қоғамдық, ғылыми, саяси құбылыстарға белсенді араласып жатады. Олардың белсенді болуы әбден түсінікті, өйткені балабақша, мектептерден бастап, жоғары оқу орындарында «сенің азаматтық ұстанымың ел үшін маңызды, қоғамға, саясатқа аралас, дауысың, қалауың өте керек»,- деп, әр адамда елдің тағдырын өзгерте алатындай сенім қалыптастырады. Оған қоса, бұл дамыған елдің ғылым саласының халықпен қатынасы өте жоғары. Ғылымдардың тарихы, жаңа ашылымдар тек бұқаралық ақпарат құралдары ғана емес, мәдени танымдық салалар арқылы халыққа жеткізіліп отырады. Кез келген аты бар компанияның өзіне тиесілі музейі, келушілер орталықтары бар. Бұл әрине дамыған елдің немесе туризмнің көрінісі ғана емес, капиталистік көзқарасың кез келген саладан қаражат жасауға құштарлығы мен бейімділігі шығар. Ал үшіншіден, дамыған елдің адамдары көп нәрсеге немқұрайлы қарамайды, қызығушылық танытатын салалары тым көп, мысалы, волонтерлік, ақысыз қызмет ету, бос уақыттарында тұрып жатқан жерге, қоғамға пайдалы болу, т.б. Ол Джон Кеннедидің "әр азамат елім маған не берді демей, мен еліме не бердім деген сұраққа жауап іздеуі керек", деген сөздерінің идеологиялық жемісі болар.

Америкадағы өзіміздің жерлестер арасында күн тұтылуын көре алдыңдар ма деп шағын сауалнама жүргіздім. Біразының қолы тимей, қалғаны интернеттегі тікелей эфирден бақылағандарын айтып жатты. Ал сыртқа шығып, күнге қараған қазақстандықтар суреттерімен бөлісті.


Асем Байназарова, Сан-Франциско


Ануар Садыков, Нью-Йорк

Айтпақшы, NASA ғарыштан тікелей эфир қосып, оны youtube, facebook, amazon сияқты әлеуметтік желілер арқылы көру мүмкіншілігін ұйымдастырып қойған екен. Оны өзім де бір тексеріп алдым.

Бір кезде қол жетпейтін, көре алмайтын табиғи құбылыстар қазіргі ғылым мен технологияның дамыған заманында біз үшін қолжетімді болды. Бар талап - біздің қызығушылығымыз. Өмір мен табиғаттың құбылыстары мен ерекше күндерінен тыс қалмайық. Жақсылап қарасаң, кез келген күн ерекше сияқты.
null   


null 

Эльнура Абаканова

Сан-Францискодан арнайы «ҚазАқпарат»  ХАА үшін

 

Соңғы жаңалықтар