Арнайы репортаж: Елордада саумалға сұраныс сұрапыл

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Індет өршіген уақытта халық дәріхана аралап, антибиотик пен витаминдерді, вирусқа қарсы препараттарды іздеп кетті. Әйтсе де, халық емін қолай көретіндер де аз емес. Бұл күнде әсіресе саумал мен қымыз, шұбат іздеген жұрт көп. Осы ретте ҚазАқпарат тілшісі елорданың шетіндегі Қызылсуат ауылына барып, бие байлап отырған кәсіпкер Бақыт Барманқұловпен әңгімелесіп қайтқан еді.
None
None

Бақыт Барманқұловтың жылқы шаруашылығымен айналысып жүргеніне бес жыл болыпты. Екі үйір жылқысы бар. Отбасымен бірге қамбар ата тұқымын көбейтіп келеді. Ұлының бірі бие сауса, екіншісі жем-шөбіне жауапты. Жары Айнұр болса қымыз пісіп, құрт жасайды. Күніне сауылатын 100 литр сүттің бір бөлігі саумал күйінде өтіп кететін көрінеді.

«Саумал - иммунитетті мығым ұстауда таптырмайтын сусын. Апталап, айлап ішетіндер бар. Осы жолы он шақты күн ішіп жүрген бір кісі келіп, ауруынан айығып, тәп-тәуір болып қалғанын айтады. Таяуда коронавирустан жазылған бір спортшылар да келді бізге. Жеті күн ішкеннен кейін бойына күш-қуат біткендерін жарыса айтып, қуанып жатыр. Бір қарасаң, зіңгіттей жігіттер. Вирус жұқтырғанда қатты әлсіреп қалыпты. Саумалдың пайдасы мынада: антибиотик пен басқа да дәрі-дәрмекті қабылдаған кезде ол ағзаны, өт жолдарын керемет тазартады. Ал кейбір адам асқазан, өт пен ішек жолдарындағы, өкпедегі ауруды жазу үшін саумал ішеді», - дейді шаруа қожалық иесі.


Саумал деген жаңадан сауылып алынған бие сүті. Бақыт Барманқұловтың сөзінше қандай да бір жағдаймен нәрестеге ана сүтін емізе алмайтын әйелдер де баласы үшін саумал алады екен.

«Бізге күніне қырыққа тарта адам келеді. Коронавирус пандемиясына байланысты көп адамды қабылдай алмаймыз. Екі-үш адамнан кіргіземіз. Маскасыз, антисептиксіз тағы кіргізбейміз. Бір ыдысты бірнеше рет пайдаланбайтынымызды да айта кетсем деймін. Ыдысын өзімен бірге ала келетіндер де аз емес. Қазір келушілер үшін барынша жайлы жағдай жасасақ дейміз. Өткен жылға қарағанда биыл саумал мен қымызға сұраныс сұрапыл артып кетті. Былтыр адамдар көбіне наурыз-сәуірде ғана саумал ішуге келетін. Жаздыгүні саумал іздеп келетін кісі некен-саяқ еді. Көп адам қыркүйекте қайта келіп, саумал іздей бастайтын. Ал қазір шілденің шіліңгір ыстығында да саумал іздеушілер көп. Бұл ауылда жалпы саумал мен қымыз сататын бірнеше үй бар. Солай болған күннің өзінде де халықтың сұранысын толық қанағаттандыра алмай жатырмыз», - дейді ол.


Жылқы түнде жайылып кетеді. Бақыт жылқышы да ұстап отыр екен. Ол таңға жуық бәрін айдап әкеледі.

«Жалпы кез келген емдік сусынды аш қарынға ішкен пайдалы. Мәселен таңертең саумал ішсеңіз, түске дейін тоқ жүресіз. Өте қуатты сусын. Саумалдың құрамында теңдессіз амин қышқылдары бар. Ғалымдардың айтуынша, С витаминінің көптігі жағынан саумал басқа малдың сүтінің бәрінен озық», - дейді шаруа қожалық иесі.

Айта кетсек, бұған дейін медицина ғылымдарының докторы, профессор Ерболат Дәленов телефон арқылы байланысқанымызда індетпен күрестің ұлттық әдісі, саумал ішудің пайдасы жайлы әңгімелеп берген еді. Оның айтуынша ұлттық тағам мен сусын түрлерінің денсаулыққа пайдасын ата-бабаларымыз бұрыннан білген. Бойыңызда антиденені қалыптастыратын ұлттық тағамдарымыз жайлы сұхбатты мына сілтемеден оқуға болады.


100 грамм саумалды 100 теңгеге сатып алуға болады. Литрі - 1000 теңге. Үйдің отанасы Айнұр Байрманқұлованың айтуынша, иммунитеттің мықтылығы үшін күніне 250-300 грамм саумал ішіп отыру керек.

Биенің үлкенінің жасы - 14-те. Құлынның ең жасы жақында туыпты. Жылқы малының сезімталдығы жайлы Бақыт Барманқұлов ұзақ әңгімеледі.

«Мұндағы малдың әрбірінің медициналық құжаты мен анықтамасы бар. Бәрі чиптелген, медициналық тексерістен өткен. Ірі қараға қарағанда жылқы малы көп ауыра бермейді. Әйтсе де, оларды жылда тексеріп отырамыз. Бізге малды қарау үшін ветеринарлар жиі келеді. Бақылап, сүттің сынамасын алып, тексереді. Мұның бәрі өте маңызды. Себебі бізбен бірге қымызымызды бүкіл жұрт ішіп отыр. Саумал ішкен он адамның жартысы жазылып кетсе – біз үшін соның өзі үлкен қуаныш. Сол үшін кәсіпті дөңгелетумен бірге, қоғамға пайдамыздың тиіп отырғанына қуаныштымыз. Алайда қазір жылқы, жалпы мал шаруашылығымен көп адам айналысқысы келмейді. Таныстарымды, туыстарымды кейде осында жұмысқа шақырам ғой. Серіктесе еңбек еткім келеді. Бірақ адамдар бұл істі жөн көре бермейтін секілді. Тіпті пандемия кезінде жылқышы таппай қалдық», - дейді Бақыт Барманқұлов.


Жылқы бағып, бие байлап күн көріп отырған отбасы саумалдың құрамында көптеген биологиялық компонент барын айтады.

«Бізге саумал ішуге келетін азаматтардың бәрінен қай жері ауырып тұрғанын, қандай дерті барын сұрап аламын. Мәселен қант диабеті бар адамдарға саумал ішуге болмайтыны айтылады. Осыған қарамай саумал ішетіндер бар. Себебі ішкен адамдар саумалды көп ішкеннен кейін қант мөлшері түскенін өздері айтып жатады. Бұл - әлбетте зерттелетін мәселе. Дәрігерлермен жиі кеңесемін. Бізге тіпті саумал ішкеннен кейін қандағы қант мөлшері 23-тен 13-ке түскенін айтқан ер адам болды. Тағы бір туысымыз елордадағы ауруханада коронавирус жұқтырып жатқан еді. Біз оған қымыз кіргізіп тұрдық. Екінші күні оның тәбеті ашыла бастады. Төртінші күні аяғынан тік тұрды. Мұндай мысалдар өте көп. Егер осындай нәтиже болмағанда, қала халқы бізді бұлай іздеп келмес те еді. Біз ешқашан хабарландыру берген емеспіз. Бір-бірінен естіп, тауып, бізге келеді. Дәрігерлер, профессорлар, актерлер, спортшылар, тіпті шенеуніктердің жүргізушісіне дейін келіп, алып кетеді», - дейді шаруа қожалық иесінің жұбайы.


Бақыт Барманқұлов жалпы елордада ұлттық сусынға деген сұраныс қатты өсіп келе жатқанын айтып өтті.

«Ұлттық сусындар мен тағамдарға деген сұраныс жыл санап артып келеді. Өз шаруашылығымызды өркендету үшін аздаған жер алсақ дейміз. Қазір жеке үйдеміз. Олар ашық алаңда ғана жайылады. Субсидия алып, жылқы шаруашылығын дамыту үшін жеке жер учаскесін алғымыз келеді», - деді Бақыт Барманқұлов.



Соңғы жаңалықтар