АРНАЙЫ РЕПОРТАЖ: Головкин мен Альварестің салмақ өлшеу рәсімі қалай өтті
Айта кетейік, Арнұр Ибраев «ҚазАқпарат» ХАА үшін Лас - Вегастан арнайы хабар жинауда.
Головкиннің де, Альварестің де салмағы 160 фунтты (72,57 килограмм) көрсетті. Кездесу 16 қыркүйек күні (Қазақстанда 17 қыркүйек күні таңда) Лас-Вегастағы T-Mobile Arenaда өтеді.
Геннадий Головкин командасының мүшесі Жанар Утешева Фейсбуктегі парақшасында Лас-Вегастың осы жекпе-жекпен тыныстап тұрғандығын жазды.
«Салмақ өлшеу рәсімі өтті. Енді бір күн ғана қалды. Бәрін егжей-тегжейлі жазатын уақыт жоқ, өздеріңіз де барлығын көріп отырсыздар. Бүкіл халықтың айтатыны осы айқас. Біз халықтың назарындамыз», - деді ол.
Жеңіліп көрмеген Головкинге қолдау көрсетуге келген қазақстандық жанкүйерлер де «ҚазАқпараттың» Лас-Вегастағы тілшісімен әсерлерін бөлісті.
Өз кезегінде боксшы да оларға алғысын білдірді.
«Сіздерге және сіздердің қолдауларыңызға рахмет. Ертең кездескенше. #BigDramaShow», - деп жазды боксшы Инстаграмдағы парақшасында.
Қазақстанда жекпе-жекті «Qazsport» және «Qazaqstan» телеарналары көрсетеді. Айқас Астана уақыты бойынша 08:50-де басталады.