«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның аглоөндірістік цехында болған өртте 2 адам көз жұмды, тағы біреуі ауруханаға жеткізілді

Өрттің таралуы 17.55-те тоқтатылып, ол толығымен сағат 18.25-те сөндірілді, деп хабарланды ҚР ТЖМ-нің баспасөз қызметінен.
Жалынды ауыздықтауға ҚР ТЖМ Қарағанды облысы бойынша ТЖД өртке қарсы қызметінің 65 адамы мен 16 техникасы және «Өрт сөндіруші» АҚ филиалының 30 адамы мен 6 техникасы жұмылдырылды.
Алдын ала болжам бойынша, жалын 1000 шаршы метр аумақты шарпыды. Өртті сөндіру кезінде «Өрт сөндіруші» АҚ филиалы 14-інші өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі, 40 жастағы Т. Өпбаев оқиға орнында көз жұмды, «Өрт сөндіруші» АҚ филиалы 14-інші өрт сөндіру бөлімі караулының басшысы, 32 жастағы Р.Балабашин ауруханаға жеткізілді.
Сағат 17.10-да көпірлі кранның машинисі, 45 жастағы И. Кәрімырзаевтың мәйіті табылды.
Өрт оқиғасы бойынша тергеу жүргізілетін болады.