«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы 2 мыңға жуық еңбек қауіпсіздігі талабын бұзған
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нығмеджан Мақажанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Брифингі барысында БАҚ өкілдері былтыр «АрселорМиттал Теміртау» компаниясында өнеркәсіптік қауіпсіздігі талабына сәйкес келмейтін қанша факті анықталғанын сұрады.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша «АрселорМиттал Теміртау» компаниясында өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзған 2 мыңға жуық дерек анықталды. Олардың негізінде жауапты орган тарапынан ескерту жасалып, олқылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды. Онда талаптарды сәйкестендіру үшін арнайы мерзім белгіленеді. Ол орындалмаған жағдайда айыппұл салынады және заңды тұлғалар жауапқа тартылады», - деп жауап берді Нығмеджан Мақажанов БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Еске салайық, былтыр 3 қарашада Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада апат болды.
Артынша бір оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған еді. Сонымен бірге «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының жұмысы тоқтатылуы мүмкін екені айтылды.