«АрселорМиттал Теміртаудағы» әлеуметтік-еңбек қатынастарының күйі үшжақты комиссияда қаралды

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алға қойған тапсырмаларға сәйкес, Үкімет және жергілікті билік органдары қызметінің басты мүдделерінің бірі әлеуметтік серіктестердің ұмтылыстары мен олардың келісілген іс-әрекеттерін біріктіре алатын еңбек саясаты», - деп атап өтті облыс әкімі. Күн тәрібінде қаралған негізгі мәселе әлеуметтік-еңбек қатынастарының жағдайы, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ әкімшілігі, «Жақтау» металлургтердің кәсіби одағы, «Қорғау» көміршілердің кәсіподағы арасындағы ұжымдық шарттар талаптарының орындалуы және өндірістік үрдістерді тұрақтандыру, еңбек құқығы мен жұмысшыларды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі меморандумның орындалу барысы. Бұл мәселелер бойынша «Жақтау» металлургтердің кәсіподағының төрағасы Виктор Щетинин, «Қорғау» көміршілердің кәсіподағының төрағасы Марат Миргаязов және «АрселорМиттал Теміртау» АҚ еңбек ресурстары және еңбек қатынастары бойынша директоры Дмитрий Павлов сөз сөйледі. «Негізгі міндетіміз - дағдарыс кезінде өндірісті тұрақтандыру үшін бар күшімізді салу, жұмысшыларды жаппай қысқартуға жол бермей отыра жұмысшылардың әлеуметтік кепілін сақтау», - деді облыс әкімі. Комиссия «АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшылығына еңбек дауларының алдын алу мақсатында ҚР Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес жұмысшылармен келісіп немесе олардың пікірін есепке алып жұмыс берушінің актілерін шығаруды тапсырды. Сонымен қатар «Құрылысмет» ЖШС әкімшілігі мен кәсіподақтар арасында жасалған ұжымдық шарттарда қоғамдық ұйымға деген қатынасына байланысты жұмысшыны кемсітуге жол бермейтін бірыңғай әлеуметтік міндеттер мен кепілдерді қарастырған жөн, сондай-ақ қысқартуға ілігетін барлық жұмысшыларды еңбекпен қамту немесе оларды қайта оқыту шарасын қолға алу керектігі айтылды. Кейін өндірістік үрдістерді тұрақтандыру, еңбек құқығы мен жұмысшыларды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі меморандумның жасасуы туралы, оның орындалуы жөніндегі бақылау есебімен Теміртау әкімі Нұркен Сұлтанов сөз сөйледі. Қала басшылығына бұл бағыт бойынша жұмысты белсенді түрде жүргізу тапсырылды. Үшжақты комиссия отырысында облыс әкімі, кәсіподақтар бірлестіктері, кәсіпкерлер мен жұмысшылар қауымдастығы арасындағы келісімді жүзеге асыру бойынша 2015-2017 жылдарға арналған шаралар жоспары бекітілді. Құжатта жұмыс орындарын сақтауға қатысты қосымшалар енгізілді. Үшжақты комиссия мүшелері ұжымдық еңбек даулардың алдын алу және оны шешу мәселелері бойынша кеңес құру туралы шешім қабылданды. Отырысты қорытындылаған облыс әкімі әлеуметтік серіктестік рөлінің маңыздылығын атап өтті. «Облыстық үшжақты комиссия құрамына атқарушы билік органдарының, кәсіби одақтар мен жұмыс берушілердің беделді және жауапты өкілдері кіреді. Олар еңбек саласында туындаған мәселелерді дұрыс қабылдап, жан-жақты ойлап дұрыс шешім қабылдай алады», - деді Н.Әбдібеков.