Арсен Ғұбашев Орал қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды
Орал қаласы әкімінің өкімімен Арсен Зиннатұлы Ғұбашев қала басшысының орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды Kazinform қала әкімдігінен түскен мәліметке сілтеме жасап.
Арсен Зиннатұлы 1987 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген.
Білімі – жоғары. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін қазақ тілі мен әдебиеті және мемлекеттік жергілікті басқару мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын «Ақжайық» ФК» АҚ-ның баспасөз хатшысы қызметінен бастады.
Әр жылдары Круглоозерный орта жалпы білім беретін мектебінің тәлімгері, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ақпарат және мұрағат комитетінің «Талдау және ақпарат орталығы» РМК медиа-мониторинг басқармасы аймақтық БАҚ мониторинг бөлімінің БҚО бойынша сарапшысы, осы мекеменің жетекші сарапшысы, Орал қаласы әкімі аппаратының бас маманы және бас инспекторы, Батыс Қазақстан облысы әкімінің аппараты жұртшылықпен байланыс жөніндегі қызметінің басшысы болып еңбек етті.
2021 жылдан бастап Батыс Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарды.
Арсен Ғұбашев қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің қызметіне жетекшілік ететін болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жанат Нұрмағамбетованың БҚО бала құқықтары жөніндегі уәкілі болып тағайындалғанын жазған едік.