«Арсенал» - «Қайрат» матчының айналасындағы атмосфера қандай
АСТАНА. KAZINFORM - «Қайрат» UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінің сегізінші турындағы Англияның «Арсеналымен» кездесуге дайындалып жатыр.
Төрешінің алғашқы ысқырығы Лондон уақыты бойынша сағат 20:00-де естіледі. Соған қарамастан 60 мыңдық «Эмирейтс» стадионы аумағында ойынға дейін қарбалас жандана бастады. Кездесу басталғанға дейін екі-үш сағат қалғанда Лондонның солтүстігіндегі көшелер қызыл және ақ шарф таққан адамдарға толып жатқаны аңғарылады. Әдетте, «Арсенал» жанкүйерлері дәстүрлі түрде пабтарға жиналады. Олардың көпшілігі арнайы режимде жұмыс істейді. Онда тек матч билетіне және лондондық команданы қолдайтындарға ғана рұқсат етіледі. Бұл орындарда лондондық футбол кештеріне таныс атмосфера қалыптасады. Жанкүйерлер бастапқы құрамды талқылайды. Команданың Ағылшын Премьер-лигасы, Англия Кубогы, Лига Кубогы және Чемпиондар Лигасындағы болашағы туралы қызу пікірталас болады.

Олардың арасында Қазақстаннан келген қонақтар ерекше байқалады. «Қайрат» жанкүйерлері шағын топтар бойынша көзге түседі. Олар клубтық атрибут, жалау, жай шарфпен жүргені аңғарылады. Негізінде Лондон халықаралық матчтарға үйреніп қалған. Бірақ осы кеште қазақстандық командаға тән сары-қара түс пен еліміздің аспан түстес туы ерекше назар аударады.
Алматылық команда жанкүйерлері үшін 2 мыңға жуық билет бөлінген. Ол сатуға шығарылғаннан кейін көп ұзамай толықтай иесін тауып үлгерді. Билет иелерінің арасында Алматыдан және Қазақстанның өзге қалаларынан арнайы келгендер, Ұлыбританияда тұратын қазақстандықтар бар.

Стадионның кіреберіс бөлігі ойын басталардан 2 сағат бұрын ашылады, бұл уақытта аумақтағы көлік жүйесі жоғары қарқынды деңгейде жұмыс істейді. Метро стансасы, автобустар мен қала маңындағы пойыздар адамдарға толы екені байқалады. Ал автокөлікпен келгендер оны стадионнан тыс жерде қалдыруға және одан кейін жаяу келуге мәжбүр. Бұл - Лондондағы осындай деңгейдегі матчтар үшін таныс сурет. Адамдар ағыны бір минутқа толастамайды.
Қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударылған. Бақылау трибунаға кірерге дейін басталады. Заттарды алып жүрудің қатаң ережелері бар. Атап айтқанда, өлшемі А4 форматынан үлкен сөмкелер, бейнекамера, шыны бөтелкелер, парфюмерия, қолшатыр және өзге де бірқатар затты стадионға алып кіруге тыйым салынады.

Бұл туралы алдын-ала білмегендер үшін сақтау камералары ұйымдастырылған. Бірақ олар «Кингс кросс» станциясында, «Эмирэйтстен» бірнеше шақырым жерде орналасқан. Сондықтан кейбір жанкүйерлер кешкі Лондонда қосымша серуендейді.
Ойынның басталуы неғұрлым жақындағаннан сайын стадион айналасындағы атмосфера қыза түседі. Бұл аумақта әндер шырқалып, командасын қолдаған жанкүйерлер көбейеді. Көшедегі шарфтар мен бағдарлама ұстаған сатушылар Лондон кешінде ерекше футбол атмосферасын жасайды. Нәтижеге қарамастан алматылық клуб қолдаусыз қалмайтыны анық.

Кездесу 28 қаңтардан 29-на қараған түні сағат 1:00-де Англия астанасы Лондон қаласындағы «Эмирейтс» стадионында басталып, «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Айта кетсек, 60 мыңнан астам жанкүйерге арналған «Эмирэйтс» стадионының пайдалануға берілгеніне биыл жиырма жыл толады.
