ArtSport арқылы 211 мыңнан астам бала шахмат үйреніп жүр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов елімізде шахмат ойынының танымал екенін, әсіресе балалар арасында сұраныстың көптігін айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәдениет және спорт министрлігінің бағалауы бойынша елімізде шахмат ойыны танымал әрі сұранысқа ие. Бүгінде 211 мыңнан астам бала «ArtSport» бағдарламасы бойынша шахмат үйреніп жүр. Бірақ, бұл жерде басқа форматта үйретіледі, десек те елімізде шахмат өте танымал», - деді Дәрмен Сәдуақасов орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, көптеген ата-ана қазіргі заманның кең мүмкіндігін пайдалана отырып, баласына инвестиция құйғысы келеді.

«Осы орайда, баланың ойлау қабілеті мен логикасын дамыту және зейінін ашуда шахмат пайдалы. Аталған ойын есте сақтау және сыни тұрғыдан ойлаудың таптырмас құралы. Сондықтан да, ата-аналардың дені баласын шахматқа бергісі келеді», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, шахмат 1-4 сынып оқушылары арасында факультатив пән ретінде енгізілмек. Бүгінде аталған жоба кейбір өңірлерде пилоттық жоба ретінде апробациядан өтіп жатыр. Егер жоба сәтті жүзеге асса, оның аясы кеңейтіледі.

Айта кетейік, шахматтың мектептерде факультатив пән ретінде енгізілетіндігіне байланысты кадрлар даярлау мәселесі қарастырылды. Нақты айтқанда, педагогикалық жоғары оқу орындары шахмат мұғалімін даярлауы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар
telegram