Артспорт: Қызылордада үйірмеге қатыспаған 5740 бала үшін 127 млн қаражат жымқырылған

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысында «Артспорт» бағдарламасы 5740 баланың шығармашылық үйірмелер мен спорттық секцияларға қатыспайтыны анықталды.

АртСпорт
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Бұл мәліметтер облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналиновтның төрағалығымен өткен құқық қорғау органдарының жауапты өкілдері, тиісті салалық басқарма басшылары қатысқан жиында белгілі болды.

Онда аталған бағдарламаны зерделеу барысы пысықталды. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес облыстық прокуратура жанындағы құрамында құқық қорғау органдары бар жұмысшы тобы «Артспорт» бағдарламасымен жұмыс жасайтын өнім берушілерді тексеруде.

— Бүгінде жұмысшы топ 19 субъектінің жұмысын саралап, 127,2 млн.теңге қаражатты заңсыз иемдену дерегін анықтаған. Анықталған бұзушылықтардың 106,1 млн теңгесі мәдениет саласына, 21,1 млн.теңгесі спорт саласына тиесілі. Тиісті басқармалармен бірге жергілікті атқарушы органдардың, қала және аудан әкімдіктерінің көмегімен «Даму бала» платформасына тіркелгендер арасынан ата-аналары 5740 баланың шын мәнінде шығармашылық үйірмелер мен спорттық секцияларға қатыспайтынын растап отыр. Күшейтілген зерделеу нәтижесінде өнім берушілер тарапынан жалған тіркелген 13 731 бала тізімнен алынып тасталған, — деп мәлім етті облыс әкімдігінен.

Айта кету керек, мәдениет және спорт басқармалары зерделеу қорытындысы шыққан соң, 125 кәсіпкермен келісім-шартты біржақты бұзған. Оның ішінде 55 кәсіпкер өз еркімен жұмысын тоқтатқан. Қазір 16 кәсіпкер заңсыз иемденген қаражатын өз еркімен бюджетке қайтаруда, бұл бағыттағы жұмыс әлі де жүруде. 

Жыл көлемінде жүргізілген мониторинг нәтижесінде бұл мақсатқа қаралған қаржының 3 млрд теңгеден астамы бюджетке қайтарылды. «Артспорт» бағдарламасын зерделеу барысы облыс әкімдігінде апта сайын тұрақты қаралатын болады.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада пиротехникалық өнімдерге қатысты 12 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.