Артур Ластаев: Конституциямызда ұлттық құндылықтар мен тарихи тәжірибеміз де көрініс табады

АСТАНА. KAZINFORM — Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Ата заңға адам құқығымен байланысты енгізілген ұсыныстар билер заманынан жеткен заң дәстүрлерін жаңғыртқанын айтты. 

Артур Ластаев
Фото: Kazinform

— Естеріңізде болса, біз өмірге хақыны абсолютті ұғым етуді сұраған едік. Иә, идеалға жақындауға талпыну бір бөлек те, ешбір желеу мен шартсыз-ақ осы құқықты біржола абсолютті деп тану одан бөлек іс.

Өмірдің ең жоғары құндылық екенін заңдарда немесе кодекстерде емес, Конституцияда бекіту арқылы қабылданған шешімнің қайтарымсыздығын көрсетеміз. Мемлекет өмірге хақыны толықтай абсолютті құқық ретінде тану арқылы өлім жазасынан бас тартып қана қоймайды, осы құқықтың мәнін сөзсіз қорғайды. Бұл бір қарағандағыдан әлдеқайда кең құқық. Мысалы, жол апаты кезінде өмірді сақтап қалу, науқасты емдеу, шабуылдан қорғау сияқты міндеттер Конституция арқылы бекітіледі. Бұл саяси-құқықтық шешім ғана емес. Бұл жерде терең әлеуметтік мағына да жатыр. Тіпті азаматтардың қауіпсіздік компоненттері де бар. Ондайға тек кемел мемлекет қана қабілетті, — деді уәкіл.

Артур Ластаев адамның іргелі құқықтары бөлігіне әділетті сотқа иек арту құқығы туралы норма енгізу ұсыныстары да қолдау тапқанын атап өтті.

— Әңгіме өзін-өзі айыптауға тыйым салу, қайталап жазалауға жол жоқтығы, сот шешіміне дейін кінәні мойындау сияқты негізгі тіректер туралы болып отыр.

Адамның негізгі құқықтарының қатарына осы қағидаттарды бекітсек, Конституциямызда ұлттық құндылықтарымыз, тіпті тарихи тәжірибеміз де көрініс табады. Бұл қағидаттар қазақ халқына ежелден, би төрелігі кезеңінен бері тән болған. Сол кездің өзінде-ақ даулар аталған канондар бойынша шешілген.

Ұсынылған түзетулердің ішінде Конституцияның 7 бөлігін қайта атауды толықтай қолдаймыз. Бұл шынайы конституциялық бетбұрыс. Мұндай түзету адам құқығын қорғау басымдығын арттырады. Өйткені бұл блокта аталған институттардың бәрі әркімнің еркіндігін қорғауға арналған, — деді ол.

Айта кету керек, Конституциялық комиссия отырыстарында ұсынылып жатқан бастамалар мен нормалардың қайсысы қабылданып, қайсысы Ата заңға енбейтінін референдум шешеді.

Kazinform агенттігінің қазақ және орыс тіліндегі Telegram арнасында мәтін трансляциясы болады.

Өткен аптада Конституциялық комиссияның алғашқы отырысы өтіп, бір палаталы «Құрылтайдың» функциясы мен құрамы, вице-президент лауазымының мемлекеттік биліктегі орны, заң шығару бастамасын көтеруге хақылы «Халық кеңесінің» құзыреті қандай болатыны айтылған еді. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум