«Ару-Арт» галереясы ірі мәскеулік жәрмеңкелердің бірі - Арт Манеж 2011-де қазақстандық суретшілердің жұмыстарын көрсетті

None
None
МӘСКЕУ. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - Мәскеуде жаңа ашылған «Арт Манеж 2011» атты XVI Мәскеу көркемсурет жәрмеңкесіне қазақстандық суретшілердің жұмыстары қойылды.

Біздің шеберлердің жұмыстарын Қазақстанның бейнелеу өнерін таратумен және қазақстандық суретшілерді халықаралық нарық алаңына шығарумен айналысатын отандық «Ару-Арт» галереясы ұсынды.

Галереяның директоры Роза Әбенова атап өткендей, мәскеулік көрмеге қатысу - бұл әлемдік алаңдарға шығу жолындағы алғашқы қадам болып табылады. «Бұдан кейін біз Дубаи, Лондон, Шанхай, сондай-ақ Венециялық биеннале сияқты танымал халықаралық көрмелерге қатысуға тырысамыз. Сол үшін біз қазақстандық қоғамның назарын әлемдік сурет өнерінің өзекті оқиғаларына қатысу керектігіне бұруға ниеттіміз», - деді ол. «Бүгін, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында біздің экспозициямыз галереямыздың қызметінің бағыттары мен отандық суретшілердің шығармашылығы жайында баяндайды».

Роза Әбенова сондай-ақ «Ару-Арт» галереясының барлық жетекші суретшілермен бірлесе қызмет атқаратынын айтты. Олардың арасында Нэлли Бубэ, Андрей Нода, Ерлан Айтуаров, Амандос Ақанаев және тағы басқалары бар. Астана қаласында «Ару-Арт» галереясы Бейбітшілік және келісім сарайында орналасқан және барлық адамдар үшін оның есігі ашық.

Мәскеулік жәрмеңкеде «Ару-Арт» суретші Бахытнұр Бүрдеспековтың шығыс натюрморттарын, қалалық пейзаж бен «Менің мадонналарымның келбеті» топтамасынан алынған суреттерін, сондай-ақ Төлеуғазы Байғалиевтың импрессионизм элементтерімен жасалған шынайы суреттерін ұсынды.

Мәскеулік жәрмеңкенің қонақтары - сурет өнерінің жетік білетіндер талғамы зор зиялы қауым, коллекционерлер мен қарапайым көрермендер қазақстандық жұмыстарға жоғары баға берді және оларды кәсіби сурет өнері деп заңды түрде айтуға болатынын атап өтті.

Биыл «Арт Манежге» Мәскеу, Санкт-Петербор, сондай-ақ Қазақстан, Украина, Болгария, Италия мен Израиль елдерінің галереялары, жалпы алғанда 60 галерея қатысуда. Мәскеулік жәрмеңке осымен 16-рет өткізіліп отыр, ол Ресей мен басқа да елдердің танымал суретшілерінің жұмыстарын көруге, оларға баға беруге тамаша мүмкіндік жасауда.

«Арт Манеж» жәрмеңкесі сияқты қазақстандық экспозиция да 4 желтоқсанға дейін жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар
telegram