Арыс қаласында жаңа көпір пайдалануға берілді

Саяжай мен Алатау мөлтек аудандарын қаламен байланыстыратын Қабылсай сайынан өтетін көпірдің ұзындығы 48 метр, ал ені 10 метр. Құрылысын мердігер «Алаш Оңтүстік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген бұл көпірге облыстық бюджеттен 71 млн. теңге қаржы бөлінді. Салтанатты түрде ашылған көпірдің лентасын қаланың құрметті азаматы Қ.Балқыбеков пен Саяжай мөлтек ауданының тұрғыны С.Юсупова қиды. Көпірдің ашылу салтанатына қала әкімі С.Ертай, зиялы қауым өкілдері мен ауыл ақсақалдары және БАҚ өкілдері қатысты.
Тұрғындардың қуанышымен бөліскен қала әкімі жыл соңына дейін Арыста тағы бір көпір қолданысқа берілетінін, келесі жылы Қабылсай су арнасының бойынан құны 62 миллион теңге болатын жаяу жүргіншілер көпірін салуды жоспарланып отырғандығын айтты. Саяжайлықтардың қуанышында шек жоқ, өйткені екі мыңнан астам тұрғын енді қауіпті аймақ теміржол арқылы емес, жаңа көпірдің үстімен алаңсыз өтетін болады.