Арыс қос мерекеге дайын

Алдымен «Қазына жер LTD» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң егiс алқабына ат басын тiредiк. Серiктестiк 2012 жылы «ҚазАгроҚаржы» ұйымынан несие алып, оған өз қаржысын қосып Канададан 389 бас асыл тұқымды сүт бағытындағы сиыр әкелiп, тауарлы-сүт фермасын ашқан екен. Бүгiнде мал басы көбейiп, 1 077-ге жеткен. Оның iшiнде 450 бас сауын сиырдан күнiне 9 тонна сүт сауылуда. Серiктестiк басшыларының айтуынша, бiр сиыр орташа есеппен күнiне 22 литр сүт бередi. Алынған өнiм Шымкент қаласындағы «Алтын Дән» және «Фудмастер» компанияларының сүт өңдеу зауытына тасымалдануда.
«Қазына жер LTD» ЖШС-iнiң иелiгiнде 2 816 гектар егiстiк жер бар екен. Оның 1 131 гектарына жүгерi, 495 гектарына жоңышқа егiлген. Соның арқасында ферманың жем-шөбi қамдалады. Бiр жақсысы, аталған компания Арысқа қарасты 6 ауыл округiнiң орталығына алып тоңазытқыштар орнатып, сүт қабылдау бекеттерiн ашқан. Қала әкiмi Сейiт Ертай ауыл тұрғындары қолындағы азды-көптi сиырын сауып, бекеттерге өткiзiп жатқанын айтады. Осы iстен әр 10 күн сайын 100 мың теңге табыс тауып жатқан отбасылар бар көрiнедi.
- Серiктестiк өздерiндегi асыл тұқымды iрi қараның төлiн жергiлiктi тұрғындарға сата бастады. Оның үстiне болашақта сүт өңдейтiн шағын зауыт ашу жоспарларында бар. Яғни, тұрғындар асыл тұқымды мал алып, оның сүтiн өткiзiп, күнкөрiсiн жақсарта алады. Бұл халықты жұмыспен қамтуға да оң ықпал етедi деген ойдамыз. Сол себептi серiктестiк басшыларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс iстеп, барынша қолдау көрсетiп жатырмыз, - дейдi Сейiт Мырзақұлұлы.
Арыстағы көпке танымал серiктестiктердiң тағы бiрi - «Агрофирма «Жаңа Ақдала». Компания басшысы Т.Әжiбековтiң айтуынша, серiктестiк биыл 300 гектар алқапқа қызанақ егiптi. Егiстiк алқабына барғанда биыл өнiмнiң мол болғалы тұрғанына көз жеткiздiк. Мамандардың айтуынша, тамшылатып суару әдiсiнiң арқасында әр гектардан 50 тонна қызанақ алу жоспарланған. Мұнан бөлек серiктестiк 170 гектар жерге бау өсiрiптi. Қайсыбiр жылдары тоқтап қалған томат зауытының да жұмысы қайта жанданыпты. Ендi жиылған өнiм көкөнiс және жемiс өндеу зауытында өңделiп, тұтынушыға жол тартады. Жалпы, серiктестiк 120 адамды орташа 50 мың теңге жалақымен тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Маусымдық жұмыстар кезiнде бұл көрсеткiш 180 адамға дейiн жетедi екен.
Бұрындары Арыста жастардың бас қосып, кешкiсiн серуендейтiн орны жоқ-тын. Ендi арыстықтар кештетiп жаңадан ашылған дендрологиялық саябаққа қарай ағылатын болған. Облыс әкiмi Бейбiт Атамқұловтың тапсырмасын орындау мақсатында 12 гектар алқап қоршалып, ол жерге ағаштың көптеген түрлерi егiлген. Бас қақпа салынып, жасыл желек отырғызылып, жарықтандыру, суландыру жүйесi салынған. Аяқжолдарға плита төселiп, орындықтар қойылыпты. Бiрнеше жылдан кейiн бұл жердiң үлкен саябаққа айналары сөзсiз. Сондай-ақ, БАҚ өкiлдерi қала көшелерi мен көпқабатты үйлердiң аулаларын абаттандыру жұмыстарымен, спорт алаңдарының құрылысымен және жеке кәсiпкер Сарыбасовтың ұн диiрменiмен танысты.
«Сол күнi Арыстан түнделетiп қайттық. Қаладағы барлық үлкен көшелер жаңғыртудан өтiп, кеңейтiлiп, тақтайдай тегiс етiп асфальт төселiптi. Қос қапталында аяқжолдары да бар. Шамдары самаладай жарқырап тұр. Осыдан 5-6 жыл бұрын мұнда бiрде-бiр бағдаршам болмаған. Биыл жаңадан 6-уы орнатылып, қаладағы бағдаршамдардың жалпы саны 14-ке жетiптi. Көшелердiң барлығына бейнебақылау орнатылған. Келер жылы тағы 60 камера орнату жоспарланыпты. Шағын шаһарды түнде аралап жүрiп, оның келбетiне тамсанып, даму жолына нық сенiммен қадам басқанын сезiнесiң. Мiне, Арыс қаласы ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығы мен өзiнiң 60 жылдығына осындай толағай табыстармен жетiп отыр», - деп жазады газет тілшісі.