Арзан газ, білім гранттары, әлеуметтік төлемдер: мұнай-газ саласының үлесі қандай

АСТАНА. KAZINFORM – Aimaq подкастында Energy Monitoring қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов мұнай-газ саласының халықтың әлеуметтік әл-ауқатына қосып отырған үлесін дұрыс түсіндіру керектігін айтты.

кен орындары
Фото: primeminister.kz

Оның айтуынша, мемлекет мұнай-газ саласының ел экономикасына және халықтың әлеуметтік әл-ауқатына қосып отырған үлесін жұртшылыққа түсінікті тілде жеткізуі керек. Өйткені, мемлекеттік шығыстардың едәуір бөлігі әлеуметтік салаға, білім беру мен денсаулық сақтауға бағытталады.

- Халық мұның бәрін қалай түсінуі керек? Зейнетақы уақытында төлене ме? Білім алу мүмкіндігі бар ма? Мысалы, мектеп бітірушілердің шамамен 150–180 мыңының 80 мыңына мемлекеттік грант беріледі. Демек, әрбір екінші түлек грантқа ие бола алады, – деді ол.

Сонымен қатар Нұрлан Жұмағұлов Қазақстанда табиғи газ бен автогаз бағасының салыстырмалы түрде төмен екенін атап өтті.

Оның сөзінше, көрші елдермен салыстырғанда Қазақстанда автогаз тұтынушылар үшін қолжетімді бағамен сатылып отыр. Тіпті автогаз бағасының қолжетімділігі жағынан екінші орында тұр. Мұнай-газ компаниялары ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге де үлес қосады. Мәселен, экспорттық нарықта мұнайдың тоннасы шамамен 250 мың теңге тұрса, компаниялар оны отандық мұнай өңдеу зауыттарына шамамен 100 мың теңгеден жеткізеді. Мұның мақсаты – бензин мен дизель отынын ішкі нарықта қолжетімді бағамен сату.

- Бұл – мемлекеттің және мұнай-газ компанияларының экономикаға қосып отырған үлесі. Осыны қарапайым халыққа дұрыс түсіндіру керек, – деді сарапшы.

Бұдан бөлек, ол мұнай-газ компаниялары білім беру саласына да қаржы бөлетінін айтады. Оның мәліметінше,, олар мемлекеттік грантқа түсе алмаған түлектерге арнап қосымша білім гранттарын тағайындайды. Мұндай қолдаудың жыл сайынғы жалпы көлемі шамамен 15 млрд теңгені немесе 30 млн долларды құрайды.

Бұған дейін мұнайшыларымыз неге шетелге кетіп жатқанын жазған едік.