Арзан ипотека рәсімдеймін: Павлодарда жұртты 80 млн теңгеге алдаған жігіт сотталды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодарда 26 жастағы ер азамат ірі мөлшердегі алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылды.
Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, ол 2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы ақпанға дейін жергілікті тұрғындарды алдап келген. Ол өзіне тиесілі жауапкершілігі шектеулі серіктестік арқылы клиенттерге «Отбасы банк» АҚ-нан ипотекалық несие алу, жеңілдетілген шарттармен автокредит рәсімдеу, сондай-ақ «Даму» қорының бағдарламалары аясында несие алу мәселелері бойынша кеңес беру қызметтерін ұсынған.
Азаматтар бірнеше млн теңгеден бастапқы жарна төлеп, өзін табысты кәсіпкер ретінде көрсеткен жігітке сенген. Жалпы, қылмыстық іс бойынша 24 алаяқтық дерегі тіркелген. Келтірілген шығынның жалпы көлемі шамамен 80 млн теңге. 26 жастағы жігіт бұл қаражатты өз қажетіне жұмсаған. Оның аз ғана бөлігін қайтарған.
Қылмыстық іс ірі мөлшерде бірнеше рет алаяқтық жасау дерегі бойынша сотта қаралды. Павлодар қаласының соты айыпталушыны кінәлі деп танып, бастапқыда төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
— «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңының 2-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, 2026 жылғы 13 қазандағы жағдай бойынша бас бостандығынан айыру түріндегі өтелмеген негізгі жаза мерзімін төрттен бір бөлікке қысқартып, төрт жылдан үш жылға дейін төмендету туралы шешім қабылданды, — деген үкімді жария етті үкімді Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ғабит Ахметов.
Айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жәбірленушілердің азаматтық талаптарына қарсылық білдірмеген. Сот келтірілген залалды толық көлемде өтеуді міндеттеді.
Еске сала кетейік, Павлодарда бірлестік төрағасы тұрғындардың 2,5 млн теңгеге жуық ақшасын өз қажетіне жұмсап жіберген.