Павлодарда бірлестік төрағасы тұрғындардың 2,5 млн теңгеге жуық ақшасын жұмсап жіберген
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодарда көпқабатты үйдің ортақ қаражатын жеке қажетіне жаратқан мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) төрағасы қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Ол тұрғындарға келтірілген шығынды толық өтеген.
Павлодардағы Ломов көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің тұрғындары 2023 жылдың соңында 42 жастағы ер адамды МИБ төрағасы етіп сайлаған. Осылайша, оған үйдің ортақ шаруасын басқару және тұрғындар жинаған қаражатқа иелік ету сеніп тапсырылған.
Алайда 2024 жылдың маусымынан бастап ер адам ортақ есепшоттағы ақшаны жеке қажетіне жұмсай бастаған. Атап айтқанда, қаражатты дәмхана, асхана, кондитерлік дүкендерде, дәріханаларда және азық-түлік дүкендерінде сауда жасауға пайдаланған, бірақ жұмсаған ақшасын кері қайтармаған.
Бір жылдан кейін ортақ есепшоттағы қаражаттың жетіспейтіні анықталып, полиция қаражатты иемдену дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Банк деректері арқылы ақшаның қайда жұмсалғаны анықталған.
Іс Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралды. Алайда сот отырысында жәбірленуші тараптың өкілі сотталушымен татуласуына байланысты істі тоқтатуды сұраған. Келтірілген шығын толық өтеліп, МИБ өкілдерінің оған қатысты талаптары болмаған.
Сот қаулысымен ер адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
Еске сала кетейік, Павлодарда түрменің бұрынғы қызметкеріне пара алғаны үшін 11,5 млн теңге айыппұл салынды.