Арзан көлік алып беремін деп елді алдаған Алматы тұрғыны қолға түсті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Арзан көлік алып беремін елді алдаған Алматы тұрғыны ұсталды. 35 жастағы ер адам банктерде кепілдікте тұрған көліктерді арзан бағамен алып беремін деп алдап келген. 

Арзан көлік алып беремін деп елді алдаған Алматы тұрғыны қолға түсті

«Қайрат Бекарыстанов өзінің сөзіне сендіру үшін күдікті адамдарға бірнеше рет көлік алып берген. Бірақ, банктерден емес, базардан алған. Ол кезде ақшаны қалтасынан  шығарып отырған. Кейін өзінің қолы ұзын адам екенін көрсеткен соң ғана адамдар оған сеніп, бірнеше көліктің ақшасын алдын ала беріп отырған. Кейін адамдар ақша талап ете бастағанда, тайып тұруға тырысқан», - деді Алатау аудандық ІІБ басшысы Мақсат Қанапьянов.

Бүгінде полицияға 5 адам жүгінген. Олардың біреуінен ең кем дегенде 1 млн 500 мың алса, тіпті бір адамнан 8 млн 198 мың теңге алған.

«Бұл адамның іс-әрекетінен жапа шеккен адамдар бұдан да көп болуы мүмкін. Ол бұған дейін алаяқтық әрекеттері үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылған екен», - деді М.Қанапьянов.