«Арзан үйлер қайда кеттi?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 18 сәуір, жұма күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

* * *

«Қазақ мектептерінде білім мен тәрбие алуды қалаушы өзге ұлт жеткіншектерінің саны жылдан-жылға ауыз толтырып айтарлықтай молыға түсуі таңсық болмауға айналыпты», - деп хабарлайды « Егемен Қазақстан » газетi өзiнiң бүгiнгi санында жарияланған « Қазақшаны оқып жүр талай этнос баласы » атты мақалада.

«Мәселен, 2011-2012 оқу жылында 658 орыс, неміс, украин, корей, чешен, поляк баласы қазақ тұрғыластарымен тел өсуге қосылып, бірге білім қуса, былтыр тілеулестер қатары 702-ге жетіпті. Ал биыл 968-ге көтеріліпті. Бір жылдың ішінде ғана 300-ге тарта жаңа өскіннің өз таңдауын мемлекеттік тілдегі оқу орындарына арнауы еркін елдің ертеңіне, кемел болашақтарына берік сенімді айғақтаса керек», - делiнген материалда.

« Айқын » газетi « Арзан үйлер қайда кеттi? » атты мақалада «Қолжетiмдi баспана-2020» бағдарламасының жүзеге асырылу барысына сараптама жасайды.

«Арада біршама уақыт өтсе де, жалға берілетін пәтерлердің төбесі көрінер емес. Үйлі болудың оңай жолы ретінде таңдалып, қаншама жұрттың үмітін оятқан Үкіметтің сол бағдарламасының бүгінгі халі нешік?» - деп жазады мақала авторы.

«Жұмысымыз жоспарға сай жүргізіліп жатыр, - дейді аталған жобаға жауапты ме­кеменің бірі «Қазақстан Тұрғын үй - Құрылыс Корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Руслан Құсайынов. - Елбасы 2012 жылғы халыққа арнаған Жолдауын­да жыл сайын елімізде кем дегенде 6 млн. шаршы метр жаңа үй пайдалануға берілуі керектігін тапсырғаны белгілі. Осыған орай Үкімет 2012 жылы «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасын бекітті. Бағдарлама аясында 2012 - 2020 жылдары 69 млн. шаршы метр тұрғын үйді қол­данысқа беру көзделген. 2013 жылы дәл осы бағдарлама шеңберінде 6,8 млн. шаршы метр тұрғын үй тапсырылды. Биылғы жылы осы көрсеткішті 6,9 млн. шаршы метрге жеткізу жоспарда тұр. Ал оның ішіндегі халықты арзан баспанамен қам­титын арендалық үй­лер биылдан бастап нақты иелеріне ұсы­нылады», - делiнген материалда.

« Айқынның » бүгiнгi бетiнде Махамбет бабамыздың сүйегiн табуға атсалысқан ғалымдардың бiрi - Қайыржан Абисатовпен болған сұхбат жарияланды.

«Ол кісімен бұрындары сырттай ғана таныс едім. Белгілі ғалым-дәрігер, оның үстіне алдаспан ақын Махамбеттің мүрдесін қазып алу жұмыстарына бас­тан-аяқ қатынасқандығын аракідік баспасөз беттерінен оқитынмын.

Ол деп отырғаным - медицина ғылымдарының докторы, профессор Қайыржан Абисатов. Жуырда Қайрекеңмен кездесіп, бірталай әңгіменің басын шалдық. Ондаған жылдар бойы атын естісе адам бойын үрей билейтін қатерлі ісік ауруын зерттеп, шашы ағарған белгілі ғалымның айтары да баршылық екен. Таяуда ғана М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, педагогика ғылымдары­ның докторы, профессор Асхат Иманғалиевтің тіке­лей жанашырлығымен «Махам­беттанудың мәлім және беймәлім парақтары» атты шағын кітабы баспадан шығыпты. Әңгіменің беташарын осы тақырыптан бастады», - дейдi автор « Махамбеттiң бас сүйегiн ұстаған » атты мақалада.

« Түркiстан » газетi мектептердегi оқулықтардың сапасына қатысты материал арнаған. «О қулық көп, олқылықтары тіпті көп » атты мақалада қазақ тiлiндегi оқулықтардың қатеден көз ашпайтындығы туралы хабарланады.

«Қазіргі оқулықтардың тілі мектеп оқушысы түгілі, ересек адамдардың өзін шатастырады. Осы аптада «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өткен еді. Кеңес мүшелері «Мемлекеттік тілді оқыту, қазақ тіліндегі оқулықтар мен оқу-әдістемелік материалдардың сапасы мәселелері» атты тақырыпты талқылап, қазіргі қазақ тіліндегі оқулықтардағы кей мысалды өздері де түсінбейтінін мойындады», - деп жазады газет.

«Динар Нүкетаеваның айтуынша, екі айда қазақ мектептеріне арналған 173 оқулық сарапқа түскен. Оның ішінде 1-11 сынып оқушыларына арналған «Алматыкітаптың» - 40, «Атамұраның» - 53, «Мектептің» - 64 және «Арман ПВ» баспасының 10 өнімі, сондай-ақ бес-алты жеке баспалар шығарған оқулықтар бар. Өрескел қателерді айтып өткен Нүкетаева ханым 173 оқулықтың 40 пайызында орыстілді оқулықтардан ау­дарылған мәтіндердің тілдік, стиль­дік кемшіліктері бар екенін, 30 пайызында тапсырмалардың мек­теп оқушыларының жас ерекшеліктеріне сәйкес болмауын, 10 пайызында әдістемелік кем­ші­ліктердің бар екенін, 5 пайызында оқу бағдарламасының толық қамтылмағанын баса айтты. Оның үстіне, оқулықтарда орфографиялық және грамматикалық қателер де өріп жүр», - делiнген материалда.

«Бәйтерек» ұлттық басқару холдингi мен елдiң 13 банктерi арасында келiсiм жасалды, оның негiзiнде Ұлттық қордан бөлiнген триллион теңгенiң 100 млрд. теңгесi шағын және орта бизнестi қолдауға жұмсалады», - деп хабарлайды ресми тiлдi « Казахстанская правда » басылымы.

«Ақшалай траншты екiншi деңгейлi банктер 6 айда игеруi тиiс. Ол қаражат жаңа жобаларды қаржыландыруға, сондай-ақ ескiлерiн сауықтыруға бағытталмақ. Жобаларды таңдау барысында отандық тамақ өнеркәсiбiнiң дамуына қажеттi жобаларға басымдық берiлуi шарт. Қаражатты банктер «Бәйтерек» холдингiнен және «Даму» қорынан 20 жылға алады. Банктер өз кезегiнде оны 6 пайыздық үстемемен 10 жылға дейiн шағын және орта бизнес субъектiлерiне беруi керек», - деп жазылған газетте.

Соңғы жаңалықтар
Референдум