Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының зертханасы халықаралық сертификатқа ие болды
Бүгіннен бастап АҚИҰҒО Орталық референс-зертханасы Орта Азиядағы нөмірі бірінші зертхана болып есептеледі.
Сонымен қатар, зертханалық биологиялық тәуекелдерді басқарудың жаңа халықаралық стандарты бойынша аккредитациядан өткен, кез келген тәуекелді бақылау және азайту мақсатында қауіпті биологиялық агенттермен және материалдармен жұмыс істейтін зертханаларға қойылатын талаптар мен ұсынымдарды айқындайтын әлемдегі алғашқы зертханалардың бірі.
ISO 35001 сертификаты бойынша аккредитацияға ұсынылған үш министрліктің (ДСМ, БҒМ, АШМ) биологиялық және өзге де тәуекелдерді басқару саласындағы ОРЗ қызметкерлері өздерінің жоғары кәсіби біліктілігін көрсетті, яғни бұл жүргізілетін зерттеулердің халықаралық деңгейде қауіпсіз екенін білдіреді.
Айта кету керек, ОРЗ алғашқылардың бірі болып стандартта сипатталған биологиялық тәуекелдерді бақылаудың жаңа жүйесін зерттеуге және енгізуге кірісті.
COVID-19 індетіне байланысты қалыптасқан қиын жағдайға қарамастан, жүргізілген зерттеулер сапасын сақтап қана қоймай, оның деңгейін жоғарылатқан әріптестерімізді құттықтаймыз, бұл халықаралық деңгейдегі мойындау деп білеміз.
ОРЗ халықаралық стандарт бойынша аккредитациядан өтуі өңірлік және жаһандық биологиялық қауіпсіздікті арттыруға ықпал етеді.
Айта кетейік, бұл орталықөз жұмысын 1949 жылы обаға қарсы Орта Азия ғылыми-зерттеу институты құрылғанда бастаған. 1992 жылдың қаңтарында ҚР ДСМ Қазақ обаға қарсы ғылыми-зерттеу институты болып өзгертілді. 2001 жылы М. Айқымбаев атындағы Қазақ карантин және зооноздық инфекциялар ғылыми орталығы болып қайта құрылды.
2019 жылғы шілдеде ҚР Үкіметінің қаулысымен М. Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы деп атала бастады.
Оның құрамына обаға қарсы 9 өңірлік филиал кіреді. АҚИҰҒО және оның филиалдарының миссиясы - елімізде биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адамдар мен жануарлар арасындағы аурулардың алдын алу және азайту үшін Қазақстан аумағында азаматтардың аса қауіпті инфекцияларды жұқтыру қауіпіне мониторинг жасау, алдын алу, бағалаудың ғылыми негіздерін әзірлеу және енгізу.