Аса қауіпті құтыру дертінің алдын алу үшін не істеу керек
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында өткен жылы адамдар арасында құтыру ауруы тіркелмегенімен, бұл аса қауіпті дерттің қаупі сейілді деу қиын.
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың мәлім еткеніндей, өткен жылы 2 573 адам құтыруға қарсы көмекке жүгінген.
Оның сөзіне қарағанда, осыншама адамды жануарлар тістеген, тырналап, сілекейлеген. Бұл көрсеткіш 2024 жылғыдан (2 404) 169-ға көп.
- Соның ішінде 1 752 адамды (2024 жылы – 1 903) ит қапса, 692-сін (2024 жылы – 419) мысық тістеген. Басқа жануарлардан 129 адам (2024 жылы – 76) зардап шеккен, - дейді Н.Мұстаев.
БҚО ветеринария басқармасы эпизоотияға қарсы ветеринариялық іс-шаралар бөлімінің басшысы Кенжебек Аймашевтің нақтылауынша, 2025 жылы облыс аумағында құтыруға қатысты ірі қара малы арасында 4 ауру ошағы тіркелген.
Атап айтқанда, Бөкей ордасы Бисен ауылдық округі «Өркен» және «Мақсотов» шаруа қожалығында өткен жылы 15 ақпан күні өлген ірі қарадан патологиялық материал алынып, зертхана қорытындысы нәтижесінде құтыру ауруының қоздырғышы анықталды. Осыған байланысты 18 наурызда шектеу іс-шаралары белгіленді. Жануарлардың жұқпалы ауруларының ошақтарын жою мақсатында ветеринариялық іс-шаралар кешені толығымен жүргізіліп, 29 мамыр күні шектеу іс-шаралары алынып тасталды.
Сол секілді Казталов ауданы Казталов ауылдық округі Сайқұдық қыстағындағы «Казталовка» шаруа қожалығында 2 сәуірде ірі қара малдан құтыру ауруының қоздырғышы табылған. Мұнда да тиісті жұмыстар атқарылып, 11 маусымда шектеу іс-шаралары алынған.
Оған қоса Бәйтерек ауданы Егіндібұлақ ауылдық округі «Сүндетқалиев» шаруа қожалығында да осындай дерек тіркелді.
Басқарма мәліметіне сәйкес 2025 жылы ветеринариялық іс-шаралар жоспары аясында құтыру ауруына қарсы 328 мың бас ірі қара, 60 850 бас ұсақ мал, 14 мың бас жылқы , 300 бас түйе, 12,1 мың бас ит вакцинацияланған.
- Құтыру ауруының алдын алу үшін ит, мысықтарды және басқа жануарларды ұстау ережелерін қатаң сақтау және олардың жыл сайын құтыруға қарсы вакцинациялануы қажет. Құтыруға қарсы вакциянация – бұл қауіпті аурудың алдын алудың жалғыз әдісі. Жабайы және қаңғыбас үй жануарларымен жанасудан аулақ болу маңызды. Кез келген жануар тістеген жағдайда дереу дәрігерге қаралу керек, - дейді К.Аймашев.
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, ветеринария ғылымдарының докторы Ғайса Әбсатировтің айтуынша, жыл сайын дүние жүзінде орта есеппен 60 мыңдай адам құтырудан көз жұмады.
- Біздің елімізде де түлкі, ит, қасқыр, мысық және ірі қара сияқты жануарларда тіркелетін құтыру саны жыл сайын орта есеппен 7 пайызға өсіп отырғаны байқалады. Жыл сайын республикада 700 басқа дейін ауыл шаруашылығы жануарлары құтырудан өлсе, соның 50 пайыздан астамы ірі қара, 25 пайызға дейіні ұсақ малдың үлесіне тиеді. Соңғы 10 жылда (2015-2025) Қазақстанда 27 адамның құтыру дертіне шалдыққаны тіркелген. Екпін түсіре айтатын жайт, құтырудың емі жоқ, бірақ алдын алуға болады, - деді Ғ.Әбсатиров.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ғайса Әбсатировтың ветеринарияның өзекті мәселелерін қайткенде шеше алатынымыз жөнінде айтқанын жазған едік.