Асанов: Прокуратураға «көкесіз» қызметке тұру мүмкін емес деген көзқарасты өзгерттік

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов Алматыдағы Әл-Фараби  атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттерімен және ұстаздармен кездесті. 
None
None

Бұл жайында аталған ведомствоның баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесу барысында Бас прокурор студенттік шағы осы қара шаңырақта өткенін және бұл оқу ордасы Қазақстанындағы үздіктердің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар ол жаңа жұмысқа кіріскенде кадр таңдау мәселесіне баса назар аударғанын айтты.

«Жастар арасында сауалнама жүргіздік. Студенттердің 95 пайызы танысың, ағаң, көкең болмаса прокуратураға тұру мүмкін емес деп жауап берген. Осы көзқарасты біз өзгерттік. Қазір еш таныссыз, байланыссыз бізге жұмысқа тұруға болады. Екі конкурс өтті. 2 мың кандидаттың ішінен тек 126-сы жұмысқа қабылданды. Оның 21-і, яғни әрбір алтыншысы, осы университеттің түлегі. Сондықтан сіздерді құттықтаймын», - деді Асанов.

Бұған қоса, Асанов жастармен тәуелсіздік жетістіктері тұрғысында да ой бөлісті. Егемендіктің қадірі, шекара мәртебесі және Астананың қарқындап дамуы  жастардың қолындағы басты байлық екенін шегелеп айтты. Құрғақ сөз болмасын деп, адамдардың өмір сүру деңгейін 90-шы жылдармен салыстырып берді. Мынадай деректер келтірді: өмір сүру 67 жастан 72-ге ұзарды, бір жылда 350 мың бала дүниеге келсе, қазір 400 мыңға жетті,  бала өлімі 2 есе азайды, ана өлімі 6 есе төмендеді, 1 млн. қандасымыз елімізге оралды.

Сондай-ақ Асанов осы жетістіктер мен құндылықтарды сақтап қана қоймай, жүрген жерде оны айтып, таратып жүру  әр азаматтың парызы екенін жеткізді.

Кездесу барысында Елбасы Жолдауында айтылған басты бағыттар да сөз болды. Бүгінгі күні қоғамда талқыға түсіп жатқан Конституцияның 26-шы бабына қатысты да пікірлер айтылды. Бас прокурор бұл өзгерістердің жерді сатуға мүлдем  қатысы жоқтығын ескертті. Ешқандай жер өзгеге берілмейтінін шегелеп айтқан Жақып Асанов жұртшылықты қаңқу сөзге ермеуге шақырды. Қоғамға іріткі салуға құмарлардың әрекетіне жол берілмейтінін жеткізді.  

Соңғы жаңалықтар