«Асар-Үме» қайырымдылық қорының жетекшісі: сенімге қатты соққы болды
АСТАНА. KAZINFORM — BIZDIÑ ORTA подкастында қайырымдылық жасау мәселесі сөз болды. Сұхбат қонақтарының бірі «Асар-Үме» қайырымдылық қорының жетекшісі Асхат Нұрмашев қайырымдылық қор қызметінің қазіргі хәлін сөз етті.

— Қазір біздің саламызға оңай кез емес. Жыл басынан бері біз халықпен бірге, жанашырлармен бірге 72 отбасыға баспана бердік, 12 өңірде 50 баланы оқытып жатырмыз. Тура осы мерзімде 2024 жылы біз 150 отбасыға баспана берген едік. Өйткені, ақша, қаражат мәселесі ол бір, сенімге қатты соққы болды, — деді Асхат Нұрмашев әңгіме барысында.
Одан әрі спикерге көмекке расымен мұқтаж жанды қалай ажыратасыздар деген сауал қойылды.
— Ең маңызды жұмыс осы сәттен басталады, өйткені, көбісі 4-5 адам бірігіп, таргетинг, сторисқа салып жібереді, сонымен жұмыс бітеді деп ойлайды. Ең бастысы ажырату керек лайықты отбасы ма? алаяқ емес пе? Өйткені, ондай жағдай болған, мысалы, көп адам көруі мүмкін саяжайда тұрып жатыр деп, соған қарап жаны ашып, көмек бере бастайды. Біз осы салада 5-6 жыл жүрміз, отбасыны терең тексереміз. Өйткені, кейбір отбасыны көргенбіз әдейі, қаражат жинау үшін құлағалы тұрған үйге 1-2 айға кіруі мүмкін. Енді жақсы өмірден емес, сонда да 2-3 ай бұрын ондай жағдайда тұрмаған, әдейі осындай үйлерді жалғайды, еріктілерді, қорларды шақыра бастайды. Менің жағдайым осындай, 4-5 балам бар дейді, біз соның бәрін тексереміз. Құжатты ғана емес, полиция учаскесіне барамыз, көршілер көп нәрсені біледі, сосын дүкеннен не алады, қарызы бар ма, сол кезде картина қалыптасады. Біз бірнеше рет инфлюенсерлермен басқа қалаларға бардық, еріктілердің айтуынша қағазда мынадай мәлімет, біз келдік жағдай басқаша, — дейді ол.
Бұдан бұрын «Ырыскелді қажы» мешітінің Бас имамы Нұрлан қажы Байжігітұлы BIZDIÑ ORTA подкастінде жын шығару, хиджама сияқты жоралғылардың денсаулыққа зиянды болуы мүмкін екенін ескертті.