Әсел Шілдебаева: Өңірлер – креативті индустрияны дамытудың әлеуетті орталығы

Әсел Шілдебаева: Өңірлер – Креатив индустрияны дамытудың әлеуетті орталықтары
Фото: «Dara» Президенттік бастамалар қоры

Өңірлер – Креатив индустрияны дамытудың әлеуетті орталығы. Бұл туралы бүгін «Dara» Президенттік бастамалар қорының жетекшісі Әсел Шілдебаева жыл сайынғы  «Creative Central Asia – 2023» Орталық Азиядағы креатив индустрия форумында айтты, деп хабарлайды Kazinform. 

«Creative Central Asia – 2023» Орталық Азияның креативті индустрияларының жыл сайынғы форумы 100-ден астам халықаралық креатив индустрия өкілі мен сарапшы-спикердің басын қосты. Олар Алматы креатив индустрия тәжірибесін кеңейту және Орталық Азиядағы креатив индустрияны дамытудың маңызды жолдары мен негізгі үрдістерін талқылады.

Қор жетекшісі креатив индустрия ірі қалалармен ғана шектелмейтінін, оның өңірлік үлгісін қалыптастыру қажеті туындағанын атап өтті. Географиялық орнына қарай әр өңірдің өз ерекшелігі бар. Соны негізге ала отырып, индустрия саласындағы қауымдастықтармен бірлесіп нақты бір мақсатқа жету үшін негізгі креатив бағыттарды айқындап алу қажет. 

индустрия
Фото: «Dara» Президенттік бастамалар қоры

«Сауатты институциялық құрылымдар аясында креатив секторды қарқынды дамыту өңірлерге экономикалық тұрғыдан өсуге мүмкіндік беріп, саладағы шағын және орта кәсіпорындар оның негізгі локомотиві болу керек. Сонымен қатар нарық өзін-өзі ұйымдастыруға және реттеуге қабілетті, себебі жеке кәсіпкерлік – өркендеп жатқан экономиканың қозғаушы күші», - деп атап өтті Әсел Шілдебаева.

Креативтілік өңірлерді тартымдырақ етуге қабілетті инновация көзіне айналу үшін мемлекеттік органдар кәсіпкерлік рухын қолдап, қайта құру процесіне көмектесіп, креативті болу керек, деді қор жетекшісі. Креатив атмосфераны жасауға балабақша, мектеп, колледж, жоғарғы оқу орындары, кітапхана мен музейлерді қоршаған кеңістік үйлесімділігі сеп болады.

Балалар мен жастардың шығармашылық қабілетін және инновациялық тәсілдерді дамыту білім беру жүйесіне дем береді. Мемлекеттік орган және даму институттары өкілдерінің мәдени іс-шараларға қатысуы және тамашалауы мәдени ой-сана қалыптастырып, өнер мен шығармашылыққа деген қызығушылықтың оянуына септігін тигізеді.

«Стартаптар құру және дамыту, ресурстар мен сарапшылар қолдауының қолжетімді болуы жаңа жұмыс орындарының пайда болуына көмектеседі. Жергілікті кәсіпкерлерді ішкі нарықпен қатар, әлем нарығына шығару бойынша өңірлік маркетингтік стратегия инвестиция тартуға қолайлы экономикалық орта жасауға және өңірлердің туристік әлеуетін дамытуға көмектеседі», - деп атап өтті Әсел Шілдебаева.

Өкілетті орган мен даму институттары индустрияны ілгерілетуде негізі рөлге ие, бірақ өзгерісті бастайтын – адам: креатив индустрия өкілдері, жергілікті атқарушы орган мен даму институттарының жұмысшылары. Президенттік бастамалар қорының айтуынша, инновациялық процестің негізгі нысаны мен басты ресурсы – жастар. Бірақ биыл Ақпарат және қоғамдық даму саласындағы өкілетті орган жүргізген зерттеу жастардың кәсіпкерлікке қызығушылығы төмен екенін көрсетті.

Қор мұндай үрдіске түрлі факторлар, оның ішінде, жастардың қазіргі қаржыландыру көздері мен қолжетімді инфрақұрылымдар туралы ақпаратқа қанық еместігі, сондай-ақ осы салада білім мен қабілеттің жоқтығы себеп дейді.

Елдің әлеуметтік-экономикалық өміріне жастарды араластыру өте маңызды, сол себепті Президенттік бастамалар қоры осы мәселеге ерекше назар аударуды жоспарлап отыр. Барлық мүдделі тараптың тиімді жұмысы креатив индустрияға Қазақстан өңірлерін экономикалық дамыту көзі болуға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар