Әсет Исекешев Приозерск қаласын жылумен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты

АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат /Серік Сабеков/ - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев жұма күні Қарағанды облысының Приозерск қаласында болып,
None
None

ондағы жылумен жабдықтау жүйелерін қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Сапар барысында вице-премьерге Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Бауыржан Байбек, Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Сергей Нокин, Парламент депутаттары Ерлан Нығматулин, Владимир Нехорошев, Мұхтар Тінікеев еріп жүрді.

Ә.Исекешев Приозеркідегі №1 орта мектепте, «Айналайын» балабақшасында, бірқатар тұрғын үйлерде болып, ондағы жағдайларды өз көзімен көрді және жылу әлі беріле қоймаған пәтерлердің тұрғындарымен кездесті. Келгендер сондай-ақ қалалық қазандықтың жұмысын да тексерді.

Тексеру барысында қалалық қазандықтың жұмысы қалпына келтірілгені, ондағы бес қазандықтың төртеуі жұмыс істеп тұрғаны анықталды. Бір қазандық - резервтік. Жылу барлық дерлік үйлерге беріле бастаған, дегенмен ол барлық пәтерлерге жетіп жатпағаны да айтылды.

«Бүгінде жағдайды тұрақтандыруға барлық күштер жұмылдырылып отыр. Бірақ жағдай оңай емес. Сондықтан да жағдай толық тұрақтанды деп айтуға әлі ерте. Ендігі жұмыс - барлық пәтерлерге жылу беру», - деді нысандар мен үйлерді аралап шыққаннан кейін Ә.Исекешев.

Соңғы жаңалықтар