Ашаршылық оқиғасы - қазақ даласындағы ең қасіретті де сұрапыл кезеңдердің бірі - сенатор Ақан Бижанов

Тәуелсіздікке ие болған бүгінгі күн биігінен тарих тереңіне көз жібере отырып, экономикалық және әлеуметтік-саяси дамуы жағынан әлемдік қауымдастықта лайықты орнын иеленген мемлекет құрғанымызға тәубе дейміз. Бүгінгі табыстарымыздың ауқымдылығын шамалап, халқымыздың 30-шы жылдардағы жағдайының қаншалықты ауыр болғанын бағамдай аламыз.
Ашаршылық мәселесі бойынша зерттеушілер тек ашаршылық оқиғаларымен шектелмей, өткен ғасырдың ішінде қазақ халқының басына ауыртпалық әкелген түрлі оқиғаларды қамти отырып, оның себептерін, салдарын талдап, ой қорытуда.
Бүгін біз Қазақстан тарихындағы ең ауыр парақтарды ашып отырмыз. Сонау, 1930-жылдарда болған сұрапыл оқиғалардың түпкі мән-жайын зерттеп, сараптап, талдап, оны ортаға салып, пікірталас болғаны бұл оның 80 жылдығын атап өтумен ғана шектелмейді. Бүгінгі күннің басты мақсаттарының бірі барынша тарихи әділдік орнату және болып кеткен оқиғаларды, тарихымызды ұмытпай, жастарымызға, болашақ ұрпағымызға жеткізу болып табылады. Аталмыш ашаршылық оқиғасы - қазақ даласындағы ең қасіретті де сұрапыл кезеңдердің бірі. Өйткені, бұл кезеңде қаншама жан жазықсыз көз жұмды. Олардың ішінде көптеген жанып тұрған, болашағынан зор үміт күттірген жас ұл-қыздарымыз тағдырдың аяусыз шеңгеліне түсті. Ал сол ауыр кезеңдегі Қазақ елінің зиялы қауымының репрессияға ұшырауы қалыптасқан жағдайды одан әрі тереңдетіп, гуманитарлық апатқа әкеліп соқтырды. Осы жылдары қазақ халқының саны күрт азайды, онымен қоса, көбісі көрші мемлекеттерге жер ауып кетті.
Кеңес өкіметінде өткізілген халық санағы мәліметтері бойынша, қазақтардың саны 1926 жылы 3.968.289 адамнан 1937 жылы 2.862.458 адамға дейін азайған. Бұл сол дәуірдегі мемлекеттің ресми деректері, ал оның асты-үстінде бізге жетпеген қаншама құпия сұрақтар бар, бүгін оларға жауап беру өте қиын. Қазақстан аумағынан басқа мемлекеттерге шарасыз көші-қон саны, ғалымдар мен мамандардың мәліметтеріне сүйенсек, 1 миллионға жуық болған. Тек 1970-жылдары тұрғылықты халықтың саны қайта қалпына келтірілді. Алайда, айта кетерлік жәйт - сол жылдары Қазақстанда басшылық еткен Голощекиннің солақай саясатынан басқа да ұлт өкілдері жапа шеккен болатын.
Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХIХ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Егер ашаршылық болмағанда, қазір 45-50 миллион болатын едік», деп мәлімдеді. Осыған орай менің есіме бір оқиға түсіп отыр. Елбасының жанында көмекші болып жүргенімде, бір күні Президентіміз: «Ақан, белгілі жазушы, теолог, «Құран Кәрімді» қазақ тіліне аударған азамат Халифа Алтай Түркиядан жақында келіпті, жағдайы қалай екен, менің кездесуімді ұйымдастырыңдар», деп тапсырма берді. Халифа Алтаймен сөйлесіп, Президентпен кездесуге шақырдық. Көмекшілері Халифа Алтайды кездесуге ертерек алып келіпті. Халекең үлкен кісі ғой, күтіп отырып қалмасын деп кабинетіме шақырып, шай беріп, әңгімелестік.
Әңгіме арасында елімізден ашаршылық жылдарында шетелге қоныс аудару жайын сөз еттік. Сонда Халекең былай деген болатын: «Ақан, айналайын, біз не көрмедік. Жағдайымыз қиын болып, аштықтан халық қырылғаннан соң біз елден алдымен Қытайға шекара асып бардық. Қытай мемлекетінде тыныштық болмай, өздері бір-бірімен соқтығысып жатқан кезі еді. Біз Қытай мемлекетінде біраз тұрып, жағдайымыз қиындап кетуіне байланысты Үндістанға бет бұрдық. Ол мемлекеттің ауа райы, суы, тағамы бізге жақпады. Медициналық көмек болмағандықтан, бәріміз жаппай ауырып, үлкен азаматтар, бала-шаға қырыла бастады. Содан кейін біз Пәкстанға қоныс аудардық. Пәкстанда суы тапшы, өсімдігі жоқ, бір таулы-тастақ жерде тұрдық, жағдайымыз мүлде қиындай түсті. Осындай жағдайымызды сол мемлекеттегі Түркия елшісі біліп, мемлекет басшыларына хат жолдап, Түркия мемлекетіне көшіріп алды. Түркия мемлекетінің көмегімен бізге жағдай жасалып, қаражат, үй, жер берілді. Осылай біздің көзіміз ашылды».
«Халеке, сонда біздің елден Түркияға жеткен қанша адам барды»? деп сұрағанымда, ол кісі: «Әрбір отбасындағы тоғыз адамнан бір адам аман қалды», деп көзі жасаурай отырып жауап берді.
Бұл қайғылы тарихи кезеңдерді әрбір Қазақстан азаматы білуі тиіс. Әсіресе, жастарды болған оқиғалармен көптеп таныстыруымыз қажет. Ашаршылық тақырыбын жиі-жиі қозғау арқылы қазақ тарихындағы қасірет зардабының зор болғандығына, ашаршылықты зерттеу ісін бір жүйеге түсіруге, ғылыми-зерттеулердің шынайы қорытындыларын қоғамға кеңінен насихаттауға, оның орта мектептер мен жоғары оқу орындарында оқытылуын қадағалауға мән берген абзал. Толық өркениетті ел болу үшін алдымен өз мәдениетімізді, өз тарихымызды бойымызға сіңіріп, содан кейін өзге дүниені меңгеруге ұмтылғанымыз жөн. Олай болса, басты мақсатымыз - жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар, рухани-мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеу. Болған қасіретті оқиғаларды қайтадан түзей алмасақ та, жастарды тәрбиелеу арқылы біз ондай қиын заманның болашақта қайталанбауын қолға ала аламыз.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың: "Біз Отанымыздың қасиетті байтақ даласын қантөгісті шайқастарда қорғаған және сұрапыл-қаралы күндері құрбан болған батыр бабаларымыздың рухына лайық болуымыз керек. Олар тәуелсіздікті аңсады, біртұтас, қуатты мемлекет құруды армандады. Осы ұлы мұратты жүзеге асырудың асқақ абыройы біздің ұрпақтың пешенесіне жазылды. Біздің тарихи міндетіміз елімізді әлемнің дамыған мемлекеттерінің қатарына қосу, сөйтіп, келер ұрпаққа өркенді де өршіл Қазақстанды табыстау", - деген сөзінде терең ой жатыр. Сондықтан да тарихи кезеңдерді еске алып, алға ұмтылғанымыз жөн.
Бүгінгі уақыттың биігінен қараса, жоғарыда айтылған оқиғалардың болуы мүмкін емес нәрседей көрінеді. Бұл халықты азап шектіріп, тамырына балта шабуға бағытталған ұлы ашаршылық болатын. Біз, бүгінгі ұрпақ, ақиқатты білуіміз керек және қасірет шегіп, азаппен көз жұмғандарды есте сақтауымыз қажет. Бұл өткен тарихымыздан сабақ алу үшін керек және қазіргі және келешек ұрпақтың алдындағы үлкен жауапкершілік, оған қоса қасиетті борышымыз болмақ.
ҚР Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ақан Бижанов. «Егемен Қазақстан».