Ашаршылық жылдары қазақ халқы 3 млн. 700 мың адамынан айырылды - А. Смайыл
Бүгін Парламент Мәжілісінде Қазақстандағы жаппай ашаршылыққа 80 жыл толуына байланысты өткен дөңгелек үстел барысында жаралы жылдардың шындығы жайында баяндама жасаған Алдан Смайыл осылай қорытынды жасады.
Депутаттың айтуынша, Канада тарихшысы Р.Пирс «1867-1917 жылдардағы Орта Азиядағы отаршылдық саясаты» еңбегінде аштықтан қаза тапқандардың санын келтіріп, ұжымдастыру барысында қолданылған зорлық пен отырықшыландыру ашаршылыққа әкеліп, бір миллионнан астам қазақтар қырылғанын жазған. «Ал 1917 жылғы халық санағының мәліметтері бойынша қазақтан саны:
Ұлы жүз - 1 миллион 170 мың.
Орта жүз - 2 миллион 080 мың.
Кіші жүз - 1 миллион 790 мың. Үш жүзді қосқанда - 4 миллион 980 мың. Егер қазақтардың балаларды санақтан жасырып қалуға тырысатынын және елдің есебін алушылар жердің шалғайлығынан кейбір алыс ауылдарға бармай қалуы әбден мүмкін екендігін ескерсек, 1917 жылы атамекенінде кемінде 5 миллион қазақ болды деп айта алатын секілдіміз. Оның 30 пайызы - 1 миллион 500 мың адам. Осынша жан 1921-1922 жылдардағы аштықта көз жұмған», дейді депутат А. Смайыл
Депутаттың пайымынша, 1917 жылы елде 5 миллион қазақ болса, оның 1 миллион 500 мыңы 1921-1922 жылдардағы аштықта қырылған. Сонда тірі қалғаны - 3 миллион 500 мың. Бұл 1926 жыл. «1932 жылғы аштықта алғашқы зұлматтан әупіріммен сау қалған 3,5 миллион адамның тең жартысы апат болғаны дәлелденіп отыр. Ендеше 1939 жылы 1 миллион 750 мың қазақ қана жер басып жүрген.
«Келтірілген көп деректерден соң аз-кем аялдап алып, әр жылдардағы аштықтың барлық құрбандарын есептеп көрейік. Иманың қасым болатын көрсеткішке тап келесің. Қазақ халқы 3 миллион 250 мың адамнан айырылған. Жанұшырған шындық осындай. Біздің осы есебіміздің дұрыс екендігіне шетелдер ғалымдарының деректері де дәлел. Батыс зерттеушісі Р.Монвест 1931-1932 жылдардағы ашаршылықта 1 миллион, М.Олкотт 1,5 миллионнан астам адам өлді дейді», - дегенді алға тартады Алдан Смайыл.
Сонымен қатар, депутат «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясындағы» аштық құрбандары туралы мәліметтерге де назар аудартып, онда 1930-1933 жылдардағы аштық құрбандары 2 млн. 200 мың адамнан асып түсті делінетінін ескертеді.
«Осы 2 млн. 200 мыңға 1921-1922 жылдардағы зұлматтың 1 млн. 500 мың боздағын қоссаңыз, 3 млн. 700 мың болып шығады. Сонымен нәубетті жылдардың адам шығыны - 3 млн. 200 мың немесе 3 млн. 700 мың. Кейбір тарихшылар шетелдерге ауды деп есептейтін 1 миллион адамды осы көрсеткішке қоссақ та, одан аштықтың қасіреті азаймайды», - дейді депутат А. Смайыл.