Асхат Аймағамбетов білім басқармаларының басшыларын сынға алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жан басына қаржыландыру жүйесімен жұмыс жүргізбеген білім басқармаларының басшыларын сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің қоғамда қалыптасып қалған ұғым бар. Білім саласына қатысты болғаннан кейін балабақша, мектеп, білім басқармасы болсын – тікелей қаржыландырып, басқарып, тағайындап, жабдықтап отырады деген пікір қалыптасып қалған. Айналып келгенде ең бірінші сұрақ та, сын да министрлікке түседі. Бірақ тағы да айта кетейік: «Қазақстан Республикасының білім туралы» заңына сәйкес бұл мәселелер тікелей жергілікті әкімдіктердің құзыретінде. Жергілікті білім басқармалары мен бөлімдері мектептерге, балабақшалар мен колледждерге қатысты барлық саясатты іске асырады. Қаржыландыру да, жабдықтау да, компьютер сатып алып, интернетпен қамтамасыз ету де жергілікті бюджеттен болады. Қоғамда осы айтылған мәселелер көп көтерілуде», - деді Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрлігінің аппараттық отырысында.

Министрдің айтуынша, жан басына қаржыландыру бойынша білім саласын дамыту үшін арнайы нысаналы трансферттерге қатысты да сұрақтар туындап жатыр.

«Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қаласын санамағанда өңірлерде жан басына қаржыландыру жүйесі іске асырылады. Бірақ қаражат биылғы жылдың қаңтар айынан түсіп отыр ғой. Бұл дегеніміз материалдық-техникалық базаға жұмсалатын қаржыны сіздер (облыстық білім басқармаларының басшыларына қарата) қаңтар айынан бастап игерулеріңіз керек еді. Мектептерге бұл қаражат сонда керегі жоқ па? Қалай түсінуге болады? Мемлекет беріп тұрған мүмкіндікті пайдаланбаған кезде әрине сұрақ өте көп туындайды», - деді Асхат Аймағамбетов.


Соңғы жаңалықтар
telegram