Асхат Аймағамбетов: Диплом жасауды бизнеске айналдырған оқу орындарымен күресудеміз
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына, ғылым саласын дамытуға өте үлкен көңіл бөлуде. Президент өткізген жиналыстарында, тапсырмаларында білім және ғылым саласын алдыңғы қатарға қойып отыр. Жоғары оқу орнына қатысты біраз тапсырма болды. Диплом жасауды бизнеске айналдырып, оны беретіндермен күрес жүргізіп жатырмыз. Бірнеше университет жабылды. Қазір індетке байланысты тексеріс жүргізу мәселесінде қиындықтар бар», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Сонымен қатар ол мысал ретінде еліміздің оңтүстігінде орналасқан Өңірлік университетке қатысты мәселеге тоқталды.
«Сол университеттің өзінде 35 мың бала болды. Сол 35 мың бала оқитын университетті жаптық. Онда көбіне сабақ өткізілмеген, тиісті деңгейі жоқ. Осындай мүшкіл жағдайда болды. Мұнан өзге де бірнеше университетті жапқан едік. Қазірдің өзінде сотта біздің біраз құжаттарымыз жатыр. Өйткені, бұл жұмысты заңнама негізінде іске асыруымыз қажет. Жұмыс ары жалғасады, тапсырманы орындау үстіндеміз», - деді Асхат Аймағамбетов.