Асхат Аймағамбетов халықты «шектік» шкаламен емдеуге қарсы шықты
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (ӘМСҚ) кем дегенде 2 триллионға жуық қаражат түспей қалды. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде денсаулық сақтау тақырыбына арналған Үкімет сағатынан кейін депутат Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Бізде адамдарды толығымен емдеуге қаражат жетіспей жатыр. Соған байланысты қаржы тапшылығын шешу үшін кезінде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (МƏМС) енгізу шешімі жасалды. Бұл тұрғыда бюджеттен бөлінетін қаражатқа қосымша азаматтар мен жұмыс берушілердің жарнасын қосып, осы мәселені шешу ескерілген. Бірақ бастапқыда енгізілген қадамдар дұрыс іске асырылмай қалды. Атап айтқанда, кем дегенде 2 триллионға жуық қаражат осы қорға, яғни қарапайым адамдардың ем-домына жеткен жоқ», – деді А. Аймағамбетов Kazinform тілшісінің сұрағына жауап бере отырып.
Депутаттың айтуынша, осы жылдың ақпан айынан барлық медициналық қызметтерге «шектік» шкала енгізілді. «Шектік» шкала дегеніміз – əр медициналық қызмет түрі бойынша, əр емханаға нақты белгіленген квота тəрізді механизм. Бұл əдіс қаражаттың жетіспеуіне байланысты енгізілді. Дайындықсыз қабылданған шешімнің кесірінен, мыңдаған адам уақытылы қызмет ала алмай қалды. Ауруханаға келген науқасқа «шектік» шкала аясында осы айда ақша таусылды деп, келесі айларды күту керек деп түсіндіру де – нонсенс.
«Қаражат жеткіліксіз болғасын Денсаулық сақтау министрлігі осы шкаланы енгізуге мәжбүр болды. Осы тапшылық салдарынан олар бөлінген бюджет қаражаты аясында қызмет көрсетеді. Мәселен, науқастар травматологияға қай кезде баратынын жоспарлай алмайды ғой, тұрғындар кез келген уақытта қол-аяғын зақымдап алуы мүмкін. Алайда бұл ауруханаларға министрлік шекті шкаланы беріп қойған. Яғни осы айда қолы сынған 15 адамға қаражат бөлінеді де, 16-шы адамға қаражат қарастырылмаған. Мұндай шкала дұрыс емес», – деді Асхат Аймағамбетов.
Оның пайымынша, «шектік» шкала азаматтарымыздың нақты бір дәрігерге көрінуіне қиындық əкелді.
Сондай-ақ А.Аймағамбетов Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне 1 трлн теңгеге жуық қаражат түспей қалғаныни мәлім етті.