12:58, 27 Тамыз 2020 | GMT +5
Асхат Аймағамбетов қашықтан оқыту бойынша екі негізгі бағытты атады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мектептерде қашықтан оқыту 8 интернет платформада жүргізіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әрине, қашықтан оқыту бойынша екі негізгі бағыт бар. Бірінші бағыт - интернет арқылы оқыту. Интернет арқылы оқыту бойынша бізде арнайы бірнеше интернет платформа бар. Жалпы, өткен оқу жылының 4-тоқсанында бізде екі негізгі 2 интернет платформа болса, осы уақытта оған тағы 6 интернет платформа қосылып, 8-ге жетті», - деді Асхат Аймағамбетов.
Оның атап өтуінше, осы платформалардың ыңғайына байланысты, беріп отырған мүмкіндігіне байланысты мектептер, қалалық, аудандық білім бөлімдері шешім қабылдап, келісімшартқа қол қояды және сол платформамен жұмыс істейді.
«Екінші бағытта балалар телеарналар арқылы сабақ беріледі. «Ел арна» және «Балапан» телеарналары телесабақтарға тәулігіне 9 сағатқа дейін эфир бөліп отыр», - деді министр.