18:40, 21 Тамыз 2020 | GMT +5
Асхат Аймағамбетов сертификаттар, дипломдар, медальдар сататын ұйымдардың жолын кеспек
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов сертификаттар, түрлі дипломдар, медальдар, ерекшелік белгілерін сатумен айналысатын ұйымдардың жолын кесуге уәде берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кәсіби дамыту орталығы деп аталатын ұйымдар қаптап кетті. Ал іс жүзінде олар сертификаттар, түрлі дипломдар, медальдар, ерекшелік белгілерін сатумен айналысады. Біз олардың қызметінің жолын кесу қажет деп санаймыз және педагогтар мұндай «қармаққа» ілініп қалмауы тиіс», - деді министр педагогтар мен білім және ғылым саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесі барысында.
Оның айтуынша, аталған жайтқа байланысты қазіргі уақытта бұйрықтар мен нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілетін болады.
«Бұл педагогтардың осындай наградаларды жинауына мүмкіндік бермеу үшін жасалады. Ал ведомстволық наградаларға қатысты айтар болсам, бұл жерде де ашықтық қамтамасыз етіледі», - деді Асхат Аймағамбетов.