Асхат Ниязовтың әрекетіне құқықтық баға беріледі — ҚМА
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық журналист әрі блогер Асхат Ниязов Dala компаниясынан қанша қаражат алғаны белгілі болды. Бұл туралы Bizdin Orta подкастында ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі тергеу департаменті басшысының орынбасары Кеңесары Бағбанұлы мәлімдеді.

Бұған дейін 2025 жылғы 30 мамырда «Dala» компаниялар тобының құрылтайшысы Д. Жұмағұловқа қатысты тергеу басталғаны хабарланған болатын.
Тергеу барысында оның «Dala SK Stroy Invest» компаниясы 2023 жылдың мамырынан 2025 жылдың наурызына дейін жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз 62 үлескерден 1 млрд теңгеден астам қаражат жинағаны анықталды. Компанияны қазақстандық журналист әрі блогер Асхат Ниязов белсенді жарнамалаған.
— Асхат Ниязов жарнаманы тегін орналастырмаған. Жобаны насихаттағаны үшін 6 миллион теңге алғаны анықталды. Бұл екі тарап арасындағы ақылы мәміле болған. Тағы бір мәрте атап өтемін: оның әрекетіне қолданыстағы заңнама аясында тиісті құқықтық баға беріледі, — деді К. Бақбанұлы.
Өз кезегінде Асхат Ниязов Jibek Joly телеарнасының эфирінде енді ешқашан құрылыс компанияларымен байланыспайтынын айтты.