Асхат Шахаров жаңадан сайланған екі аудан әкіміне бірқатар міндет жүктеді
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров сайлау өтіп, әкімі таңдалған Ойыл және Қобда аудандарына барып, активпен кездесті. Сайлауда ең көп дауыс жинаған Асқар Қазыбаев пен Ізгілік Тынымгереевке бірқатар міндет жүктеді, деп хабарлайды Kazinform.
Екі аудан бір-біріне жақын орналасқан. Халқы көбіне мал шаруашылығымен айналысады. Облыс әкімі осы бағыттағы жұмысты жандандырып, су, газ, жол мәселелерін шешуді тапсырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында облыста Қобда, Ойыл және Ырғыз аудандарының әкімдерін тікелей сайлау өтті. Президент халықтың тілегін тыңдау қажеттігін үнемі атап өтеді. Облыстық маңызы бар қалалар мен аудандар әкімдерін сайлау – елдегі саяси реформалар жалғасы. Ойыл ауданының тұрғындары дауыс беруге белсенді қатысып, өз таңдауын жасады, - деді Асхат Шахаров.

Облыс әкімі аудандық маңызы бар жолдардың сапасын арттыру, елді мекендерді газдандыру, баспана кезегінде тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешуді міндеттеді. Сондай-ақ Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Қобда ауданының жаңа әкімі Ізгілік Тынымгереевтің алдына ауданның одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша бірқатар нақты міндет қойды.