Ашхабад қаласындағы халықаралық кітап көрме -жәрмеңке көрмесінде Қазақстан екінші орынға ие болды

 АСТАНА. 1 қазан. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 24-26 қыркүйегі аралығында Ашхабад қаласында «Кітап - ынтымақтастық пен прогресс жолы» атты VII Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өткізілді, деп хабарлады ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
None
None

Көрменің негізгі мақсаты - әлемдік баспа индустриясының тәжірибесін үйрену және кітап шығарушылар, кітап таратушылар мен полиграфиялық материалдар мен жабдықтарды өндірушілер арасындағы байланыстарды нығайту.

Биылғы жылы Қазақстан Республикасы аталмыш іс-шараға құрметті қонақ ретінде қатысты. Көрмеге ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің қолдауымен 800-ден астам кітап аталымы мен қазақ қолөнері бұйымдары ұсынылды.

Көрме-жәрмеңкесі аясында 6 аталым бойынша конкурс жарияланып, Қазақстан әртүрлі дәрежедегі 6 дипломды жеңіп алды!    Оның ішінде 5-і аталымдар бойынша болса, 1-і үздік рәсімделген көрме үшін.

 Конкурс  мынадай аталымдар бойынша өткізілді: 1. «Жыл кітабы», 2. «Жыл оқу құралы», 3. «Балаларға арналған кітап», 4. «Көркем басылым», 5. «Полиграфиялық үздік орындалған кітап», 6. «Баспалық үздік рәсімделген кітап».

Жалпы конкурстық комиссияға 12 отандық кітап өнімдері ұсынылды. Конкурс нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасы Түркіменстан Республикасынан кейін лайықты 2-ші орынға ие болды.

Барлығы әлемнің 26-дан аса мемлекетінен кітап шығарушылар қатысты, олардың жалпы саны 150 адамға жуық. Қазақстан делегациясына                  ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары Қуат Борашев жетекшілік етті.

Республика тарапынан ұсынылған экспонаттар «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында шығарылған кітаптар.  Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы кітаптар, қазақ қоғамының рухани-танымдық және интеллектуалдық-мәдени әлеуетін арттыруға, өскелең ұрпақты патриотизм, ұлттық және жалпы адами құндылықтар идеалдары рухында тәрбиелеуге және қазақ елінің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-танымдық және мәдени өміріндегі жетістіктерді кеңінен танытуға бағытталған көркем, ғылыми, публицистикалық және басқа да өзекті шығармалар ұсынылған болатын.

Сонымен қатар, ұйымдастырушылар мен қонақтарды қазақ елінің салт-дәстүрлерімен таныстыру мақсатында біздің делегация тарапынан концерттік бағдарлама және Түркіменстан Республикасының атақты қаламгерлерімен және қайраткерлерімен шығармашылық кездесу мен қазақ қолөнері бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды.

 

Соңғы жаңалықтар